Сенатор Қызылорда облысындағы инфекциялық стационар құрылысымен танысты

Сенатор Ақмарал Әлназарова Қызылорда облысына сапары барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау полигонының жұмысымен және модульдік инфекциялық стационар құрылысының салыну барысымен танысты.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Белкөл кентінде болған кезде осы елді мекен аумағында орналасқан әрі аумағы 20 гектар болатын полигонның қоршалмағаны және санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні атап өтілді. Сонымен қатар бұл полигон қоқыс сұрыптау кешенімен жабдықталмаған. Қызылорда әкімінің айтуынша, полигонды толық қалыпқа келтіру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажет. Ақмарал Әлназарова қала тұрғындарының денсаулығына және өңірдің экологиясына зиян келтірмеу үшін осы бағытта бірлескен жұмысқа дайын екенін атап өтті.

Сенатор сондай-ақ 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының салыну барысымен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталды, бірақ нысан әлі пайдалануға берілмеген, себебі мемлекеттік сараптамадан өту тоқтатылды. Ақмарал Әлназарова эпидемиологиялық ахуалдың шиеленісуі жағдайында бұл жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.