Дәрігерлерге көмектескен ақмолалық кәсіпкерге әкімдік 182 млн теңгесін бермей отыр

«Елікті парк» демалыс орталығының иесі Ақмола облысының әкімдігі 182 млн теңгеге тақырға отырғызды деп әлеуметтік желіге жариялады. Көкшетауда орналасқан базада коронавируспен күрескен медициналық қызметкерлер 2020 жылғы желтоқсаннан биылғы жылдың 18 наурызына дейін тұрды дейді кәсіпкер.

Ақмолалық кәсіпкер жергілікті әкімдікпен дауласып, 182 млн теңге қаржыны ала алмай жүр. Ол әкімдікпен келісіп, қысылтаяң кезеңде ақ халатты абзал жандарды демалыс орнына орналастырады. Алайда 8 ай бойы қолына көк тиын тимеген.

Сәкен Айтқали, кәсіпкер:

- Біз кредиторларға шамамен 100 миллион теңге берешекпіз. Олардан қарызды азық-түлік, қызметкерлерге жалақы төлеу үшін алдым. Яғни ет, сүт өнімдері, ұн, нан, көмір, электр энергиясы, су барлығымен қамтамасыз еттік. Қарызға белшемнен баттым. Әкімдіктің құрғақ сөзіне тойдым.

Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері болған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, қаражаттың төленбеуіне келісім-шарттың дұрыс жасалмауы себеп болып отыр.

Нариман Сыздықов, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Услуги были оказаны в марте месяце, договор начал функционировать с июня. Исходя из этого на сегодняшний день в управлении к сожалению, не имеют возможности произвести выплату. Это нарушение норм действующего законодательства.

Бізге наурыз айында қызмет көрсетілді, ал келісім-шарт маусым айынан бастап жасалған. Осыған байланысты басқарма төлем жүргізе алмайды. Себебі бұл қолданыстағы заңға қайшы.

Сондай-ақ басқарма  басшысының орынбасары кәсіпкерге сотқа жүгінуге кеңес берді. Ал әкімдіктің табалдырығын тоздырған Серік Айтқали Үкімет басшысынан көмек сұрап отыр.

Наргиз Бекмағанбетова, Мухамбетали Тілдабаев