Елімізде эпидемиологиялық ахуал ушықты

Эпидахуал күн санап нашарламаса оңалар түрі жоқ. Елде ауруға шалдыққандар саны артып барады. Мәселен, Қызылорда облысында инфекциялық стационарлар 61%-ке толды. Жансақтау бөлімдерінің тең жартысы ауыр халдегі науқастардың өмірі үшін күресіп жатыр. 

Қызылорда облысының ауруханаларында қазір 800-ге жуық адам бар. Тағы мыңнан астамы үйден емделіп жатыр. Жұқпалы аурулар аурханасына науқастар сыймағандықтан облыстық және қалалық көп бейінді медициналық орталықта қосымша орындар дайындалған. Соңғы дерек бойынша 210 мыңдай сырбойылық ковидке қарсы вакцина салдырған. Мамандардың айтуынша, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін тағы осыншама тұрғын шұғыл түрде екпе алуға тиіс. 

Жангелді Шайымбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Үлкен жастағы адамдар және жүкті әйелдер, балалар арасында коронавирус инфекциясының таралуы көп болып отыр. Бұл дегеніміз адамдардың вирусқа қарсы иммунитетінің әлсіздігін көрсетеді. Вакцина алғандар стационарға түсіп жатқан жоқ. 

Павлодар облысында да коронавирус жұқтырғандар көбейді. Кешелі бері 200-ге жуық науқас тіркелді. Облыс орталығындағы модульді ауруханада 70 адам ауыр халде жатыр. Олардың бесеуі жасанды демалу аппараттарына қосылған. Вирус жұқтырғандардың қатарында вакцинаның бірінші компонентін алған 12 науқас бар. Олардың жағдайы орташа. Жалпы індетпен күресу үшін өңірдегі емдеу мекемелерінде 2200 инфекциялық және реанимациялық орын жасақталған. Бүгінде олардың 34 проценті толды. Жағдай ушықса орын санын төрт мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Айдар Сейітқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында инфекциялық госпиталь жаңартылуда. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша оттегі станциясы салынады. Кеншілер шаһарында биыл тағы бір станция пайда болады. Осылайша бұл мәселе толық шешіледі. Ал Павлодарда оттегімен қамту бойынша проблема жоқ. 

Соңғы аптада Батыс Қазақстанда вакциналау қарқыны бәсеңдеп кеткен. сөйтіп, алдыңғы аптамен салыстырғанда ауру көрсеткіші 6,7%-ке өсті. Тек өткен тәулікте 235 адамнан коронавирус анықталған. Науқастардың жартысына жуығы Орал қаласының тұрғындары. Стационарларда ем алып жатқандар вакцина салмағандар. Қазір 53 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. 

Арман Қалыбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Өткен аптамен салыстырғанда вакциналау қарқыны 68,4 пайызға төмендеді. Жалпы облыс бойынша вакцинаның І компонентімен 155 334 адам егілді. Вакцинаның ІІ компонентімен 91 957 адам егілген.

Атырау өңірінің де жағдайы мүшкіл. Соңғы тәулікте 500-ге жуық адамның дертке шалдыққаны белгілі болды. Оның 278-і облыс орталығынан анықталса, Теңіз кенішінен 29 науқас тіркелген. Ауру санының өсімі әсіресе Жылыой ауданында байқалады. Соңғы тәулікте 86 адам қауіпті вирус жұқтырған. 67 науқастың жағдайы өте ауыр. Қазір стационарларда барлығы 1200-ге жуық тұрғын ем қабылдап жатыр.

Мұрат Хамзин, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Атырау қаласындағы аурушаңдық өсуіне байланысты карантиндік шаралар енгізіліп жатыр. Облысымызда жақын қарым-қатынаста болған адам саны да өсіп келе жатыр күннен күнге. 489 науқастың ішінде 300-і жақын қарым-қатынаста болған адамдардың ішінен анықталғандар. Сонымен қатар, симптомды ағыммен медициналық көмекке жүгіну де көбейіп жатыр. 

Ақтөбе өңірінде де жағдай ушығып тұр. Тек өткен тәулікте 230 адамнан вирус анықталды. 500-ден астам науқас инфекциялық бөлімшелерде ем қабылдап жатыр. Ондағы төсек-орынның 53 проценті толған. Таяу күндері облысқа қосымша вакцина жеткізілуге тиіс.

Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Көпшілік баратын жерлер індет жұқтыратын орындардың қатарында. Оның ішіне, сауда-кәсіпкерлік нысандары, базарлар, қоғамдық көліктер де кіреді. Дерт ауа-тамшы арқылы тарайтын инфекция болғандықтан, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, ондай орындарда карантиндік шектеу шаралары қабылданды.

Эпидахуалдың ушығуына қарамастан жұрт әлі де бейқам. «Қызыл статустағы» алты ақтөбелік қоғамдық орындарда жүрген. «Ашық» қосымшасы арқылы анықталған тұрғындар енді 260 мың теңге айыппұл төлеуге тиіс. Жалпы өңірде мыңға жуық кәсіпкер «Ашық» бағдарламасына қосылды. Ал санитарлық талапты сақтамағандарға биыл мұнда 58 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Аймақтағы тілшілердің көмегімен Бақыт Топтаева