Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникасының сервистік орталығы ашылды

Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникасының сервистік және дилерлік орталығы іске қосылды. «Еуразия Груп» компаниясының «Джон Дир» маркалы техникасына қызмет көрсететін нысан еліміз түгіл ТМД елдерінің арасындағы ең ірісі. Кешен 10 гектар аумаққа жайғасқан.

Айта кету керек, аталған орталық Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылып отыр.

Бүгін еліміздің ауыл шаруашылығы саласында ерекше күн. Себебі мұндай ірі орталық Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр. Мұнда енді су жаңа шетелдік комбайндар мен тракторлар сатылып, олардың ескісіне қызмет көрсетіледі. Нысанның ашылуында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев аталған кәсіпорын аймақтың агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға зор ықпал ететінін жеткізді.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- Сервистік орталықтың құрылысына біздің қаланың таңдалуы бекер емес. Себебі Ақмола облысы ежелден ауыл шаруашылығы саласының хабына айналған. Өйткені бізде осы саланың білікті мамандары бар. Оның үстіне «Джон Дир» маркалы техникалардың ең көбі біздің облыста. Аймақта сондай 450-ден астам трактор, 700-ге жуық комбайн мен 400-дей егін себу кешені бар.

Ал 13 мың шаршы метр аумақты алып жатқан сервистік және дилерлік орталықта келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті кішкентай тракторлардан тұратын балалар ойын алаңқайы да бар. Компания басшылығының айтуынша, мұнда келген фермерлерге барынша жылдам әрі сапалы қызмет көрсетіліп, оларға ең соңғы үлгідегі техника мен қосалқы бөлшектер ұсынылады.

Сергей Глокке, «Еуразия груп Қазақстан» ЖШС Бас директоры:

- Қазір техникамыздың 90 проценті автотрек жүйесімен жабдықталған. Яғни ол егін алқабы біткенде өзі бұрылатын техника. Одан бөлек жүріп өткен жолының бәрін цифрлы құжатқа түсіріп отырады. Ал 5-7, ары кетсе 10 жылдан кейін біз операторсыз жүретін техника алып келеміз. Осы заманауи орталықты салудағы мақсат та сол жаңа технологияларға дайын болу. 

Ал жаңа орталықта алдағы жылдары 100 шақты адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ мұнда ауыл шаруашылығы саласының мамандарын оқыту да жоспарланған. Тіпті осы саланы таңдаған студенттер де аталған кешенде тәжірибеден өте алады. Жалпы «Еуразия груп» компаниясы соңғы 20 жылға жуық уақыттың ішінде қазақстандық шаруаларға 12 мыңнан астам техника сатқан. Олар қазір еліміздің түкпір-түкпірінде жүйткіп жүр.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко