Ақтөбеде тыйым салынған жерге суға түспек болған 21 адам қайтыс болды

Ақтөбеде полиция қызметкерлері мен құтқарушылар өзен-көлдердің маңында рейдтік шараларды күшейтіп жатыр.

Себебі жағажай қызметі тоқтағалы тыйым салынған орындарға шомылушылар көбейген. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін су жағасын күнде шолып шығады.

Өзен-көлдер жағасын шолуға полиция мен құтқарушылардан өзге атты жасақ та тартылып жатыр. Адам келетін жерлердің бәрі жіті бақыланады. Топ-топқа бөлінген жасақтар тек қала маңындағы 4-5 өзен жиегін бір күнде бірнеше рет сүзіп өтуде. Себебі жағажайлар ісі тоқтағалы тыйым салынған жерлерге шомылу жиілей түскен.

Айбат Жаңабергенов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

– Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, осы жағажайлардың барлығына тыйым салынып отыр. Осы бізге үрей тудырады. Неге десеңіз, халықтың барлығы жабдықталған жағажайлар жабық болғаннан кейін, әрине оларға жабайы жерлерге түсуге тура келетін болады. Сол себепті біз күнделікті жұмысты күшейтуге тура келіп отыр.

Рейдтік іс-шаралар барысында арнайы талапқа сай жабдықталмаған осы секілді суға түсу орындары басты назарға алынуда. Облыс бойынша адам өміріне қауіпті деп танылған осындай 260-тан астам орын анықталған. Алдын-алу шаралары күшейтілгенмен, күніне тыйым салынған жерлерге түсетін 4 адамға ескерту берілуде. Ал сенбі, жексенбі күндері олардың саны екі есеге дейін өсетін көрінеді.

Тыйым салынған жерлерге шомылудың қауіпті екені белгілі. Бірақ жаздың аптап ыстығында тұрғындардың су жағасынан пана іздейтіні де анық. Ал өңірдің «қызыл аймаққа» енуіне орай жағажайларға ісіне салынған тыйымның қашан алынатыны әзірге белгісіз. Суға шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар мен полицейлер төрт мыңнан астам рейд өткізіп, 400 адамға ескерту берген. Оның бірі қайта тәртіп бұзғаны үшін айыппұл төлепті.

Нұржан Мұкымов, Ювеналды полиция тобының аға инспекторы:

– Жасөспірімдердің де ата-анасыз жүрген деректері де анықталып жатады. Ондай кезде балаларды судың жағасында ата-аналарының кім екенін анықтап, Ішкі істер бөліміне жеткізіліп, ата-анаға қолхат ретінде тапсырылып беріледі. Сонымен қатар жалғыз жасөспірімдер емес, ересек адамдардың да осындай тыйым салынған жерлерде суға түсу деректері жиі орын алып отыр.

Биыл облыста 21 адам суға батып, қайтыс болған. Оның төртеуі бала. Талдау жұмыстары қаза тапқандардың басым бөлігінің тыйым салынған орындарда шомылғанын көрсеткен.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев