COVID-19: Еңбек ұжымдарындағы вакциналау қарқыны қалай өтіп жатыр?

Өндіріс орындарында вакцина алғандардың қатары көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбе облысында кей кәсіпорын еңбеккерлері толыққа жуық екпе салдырған. Жалпылай алғанда бүгінге дейін аймақтағы жұмысшылардың 40%-і қамтылған.

Сұңғат Исентаев – коронавирусқа қарсы вакцинамен толық қамтылған ақтөбеліктердің бірі. Себебі, күрт таралған індет кейбір тумалары мен зауытта бірге еңбек ететін жұмысшыларға жұққанда сақтанудың жолын іздеген. Сондықтан да елде вакциналау басталған кезде екпе алуға ұмтылыпты. Қазір дерттен қорқу сезімі сейілгенін айтады.

Сұңғат Исентаев, жұмысшы:

- Мен өзімнің денсаулығымды ойладым, біріншіден. Екіншіден, өзімнің жанұямның денсаулығын, олардың қауіпсіздігін ойладым. Ұжымдастарымның қауіпсіздігін ойлап, сол вакцина алдым. Негізі осы біздің зауытта «бірінші емханадан вакцина алуға болады деп» айтқаннан бастап өз еркіммен барып алдым.

Ақтөбе хром қосындылары зауытында 2200-ден астам адам еңбек етеді. Бүгінгі күні жұмысшылардың 93%-і екпе алған. Мұндай көрсеткіш өңірдегі өнеркәсіп орындары ішінде ең жоғары саналады. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, бұған еңбеккерлердің де өз ынтасы септігін тигізді. Себебі былтыр вирусқа қатысты жағдай ушыққан тұста кейбір цехтардағы жұмысшылардың көп бөлігі ауырып қалған. Қазір өндіріс қарқыны да тәуір.

Радий Фахретдинов, «АХҚЗ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз алғашқыда вакциналау басталғанын жариялап, ұжымда екпе алғысы келетіндердің тізімін жасаған едік. Сол кезде көбісі өздері келіп, өтініш білдірді. Сөйтіп, жұмыс орындарынан алып кетіп, алдын ала келіскен №1 емханаға апарып жүрдік. Кейін екпе алатындардың саны күрт өсті. Кейбірі өздері барып, вакцина алды.

Мұндай жұмыс өңірдің өндіріс саласындағы барлық кәсіпорындарында жүруде. Ондағы жұмысшылардың екпемен қамтылуы күн сайын бақыланып отырады. Тіпті тиісті басқарма қызметкерлері еңбек ұжымдарында індеттен сақтану жолы мен вакцинаның тиімділігін түсіндіру жұмыстарын қолға алған.

Азамат Құдайбергенов, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Өңір өнеркәсібінде 78 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Солардың ішінде ағымдағы сәтте 30 745 адам вакцина толығымен алды. Бұл шамамен 39%-ті құрайды. Бұл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін жұмысшылар. Оған кәретін мұнай-газ саласындағы кәсіпорындар, сервистік атқаратын кәсіпорындар, тау-кен саласында жұмыс істейтін жұмысшылар.

Жалпылай алғанда облыста вирусқа қарсы екпе алғандардың қатары соңғы апталарда күрт өсті. Қазір аймақта 117 мың тұрғынның вакцинамен толық қамтылғаны белгілі. Ал, 210 мың адам екпенің бірінші компонентін алған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев