Ақтөбеде эпидемиологиялық ахуал ушыға бастады

Эпидемиологиялық ахуал ушыға бастаған осы Ақтөбе өңірінде мобильді топтардың жұмысы күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығындағы адам көп жиналатын орындарды 11 арнайы топ тексеріп жүр. Олар күніне бірнеше рет рейдке шығады. Бүгін 100 адам шақырылған тойдың үстінен түсті. Той иелеріне хаттама толтырылып, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Мобильді топ осы уақытқа дейін 500 рет тексеру жүргізген.

Серік Дәулетов, мониторингтік топ мүшесі:

- 5 мыңнан астам объекті қамтылған. Оның ішінде 381 құқықбұзушылық анықталды. Қалалық СЭС тарапынан 32 миллионға айыппұл салынды осы уақытқа дейін.

«Өңірдегі жағдай одан әрі ушықпас үшін сақтық шараларын күшейту керек», - дейді мамандар. Ал, вирустан қорғанудың басты жолы вакциналау екені белгілі. Осы орайда қоғам белсенділері мен этномәдени бірлестік жетекшілері ақпараттық түсіндіру жұмыстарына ат салысып жатыр. Олар тұрғындарға вакцина алудың маңыздылығын айтуда.

Хасан Сагаев, «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Қалыптасқан жағдайға орай қаулы шыққан соң-ақ ақылға келіп, ойлануымыз керек. Екпе алу дәл қазір тарап жатқан дерттен қорғанудың жолы. Сондықтан да баршы жерлестерімізді белсенді түрде вакцина алуға шақырамын. Ал, қазір өзіммен бірге бірлестік мүшелері де екпемен қамтылуда. Бұрынғыдай үрей жоқ. Емін-еркін өмір сүріп жатырмыз.