Нұркент қалашығында 60 пәтерлік қос тұрғын үй екі жылдан бері тапсырылмай келеді

Алматы облысының Панфилов ауданындағы Нұркент қалашығында 60 пәтерлік қос бірдей тұрғын үй екі жылдан бері халық игілігіне берілмей келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған бұл үйлердің құрылысына 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Неге бұлай болды?

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Нұркенттегі мына көп қабатты екі үйдің құрылысы 2019 жылы басталды. 2020 жылдың көктемінде пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда үйдің кезегінде тұрған азаматтар пәтер кілтін әлі күнге дейін ала алмай жүр.

Бауыржан Қашымбаев, Панфилов аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазір Нұркент қаласында газдандыру жүрмей жатқандықтан біз ойладық, газ кіргіземіз деп. Бірақ қазіргі жобада газды қосып, газгольдер қойып, қазір жобаға корректировка жасадық. Сол себептен кішкене тоқтап қалды жобалар. Қазір барлық корректировканы толығымен аяқтап, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді қосып, газ жүйесін бергеннен кейін бұл үйді толығымен пайдалануға береміз.

Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйге инженерлік желілері тартылып біткен.

Ерболат Ашыбаев, мердігер компания өкілі:

- Инженерлік желі бойынша толық бітті ғой. 10% қана қалады бізде корректировка жасалып жатқан жағдаймен байланысты. Өйткені мында бірінші котельныйда шығын көп болғандықтан, екінші темір жол құрылыстың котельныйына қосылғалы отырмыз. Сондықтан қайтадан корректировка жасап, соған 350 метр біз қазір қосылуымыз керек. Бұрынғы жалғанған су құбырына қосылдық. Канализация да қосылған. Жылу трассасы да қосылып тұр қазіргі уақытта.

Нұркент қалашығындағы бұл үйлер тамыз айында халық игілігіне беріледі. Панфилов ауданы бойынша қазір 5 мыңнан астам адам үйдің кезегінде тұр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев