Ойдым-ойдым жол жұрттың жүйкесін жұқартқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қалаға қатынау қиын. Жергілікті әкімдік талай жылдан бері уәде беріп келеді. Бірақ басталған құрылыс жоқ.
Көлқайнар ауылына барар жол жүргізушілер үшін нағыз сынақ. Жолдың ұзындығы небәрі үш жарым шақырым болғанымен, қатынау едәуір уақытты алады. Өйткені қарға адым сайын шұңқыр шығады.
Нұрбек Жиенәлиев, Көлқайнар ауылының тұрғыны:
- Күнде жүріп жатырмыз. Мұны істеп жатқан адам жоқ. Салығын төлеп жатырмыз. Әкім келеді, әкім ауысып кетеді. Сонымен әр келген әкім істеп береміз дейді. Құрғақ уәдемен жүрміз ғой, міне.
Былтыр елді мекенге газ желісі тартылып, тұрғындар қуанышқа кенелген еді. Алайда құрылыс кезінде жұрт жұбаныш қылып отырған ескі асфальттан айырылып қалды. Бұл жағдай жығылғанға жұдырық болып тиді.
Қалмұрат Амандосов, Көлқайнар ауылының тұрғыны:
- Өткенде газ тартқан. Бұл да сол біткен ғой (жол). 1972 жылы ма салынған асфальт. Ремонт көріп тұрды ол заманда. Кеңес Үкіметінен кейін жоқ қой, ремонт та жоқ, жол да жоқ.
Алматай Қыбыраев, Көлқайнар ауылының тұрғыны:
- Абайға дейін келесің қаладан. Бері қарай жаяу келесің. Машиналар келмейді жол жаман деп. Шұңқыр-шұңқыр қазылып кеткен бәрі. Қыстың күні де сол.
Ауылда алпыстан астам шаңырақ бар. «Шағын елді мекенге қомақты қаржы құю экономика жағынан тиімсіз», - дейді әкімдік өкілдері. Әйткенмен, жобаға қатысты бюджеттік өтінім жолданған көрінеді.
Елдос Кеңесбеков, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Биылғы жылға дейін ол жол Байзақ ауданының әкімдігіне қарасты болған. Биыл әкімнің тапсырмасымен ол жолды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне алдық. Қазіргі таңда 1 млн 340 мың теңгеге проектке бюджеттік өтінім экономика бөліміне өткізілді. Алдымызда келе жатқан нақтылауда қаражат бөлінгеннен кейін біз ол жолға жобалық-сметалық құжаттамалар дайындап, әрі қарай жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.
Аудан әкімдігі жолды келер жылы жаңғырту жоспарланғанын айтты. Дегенмен, құр уәдеге тойған ауылдық ағайынның үміттен гөрі күдігі басым.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатилла