425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтөбе облысында 74 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

  • 113
  • UPD: 13:50, 25.07.2021

Ақтөбе облысындағы ауыл тұрғындары 74 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. Олар бүгін 34 округ пен 1 елді мекен әкімі қызметіне үміткерлерді таңдамақ. Таңсәріден сайлауға асыққандардың арасында жастардың қарасы көп.

- Облыста сайлау қалай өтіп жатыр?

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Ауылдық округ әкімдерін сайлау қазір жүріп жатыр. Мәселен, біз болған Үшқұдық ауылдық округінде алғашқы дауыс беруші сағат 7-де келді. Әдеттегідей ауыл тұрғындары саяси науқанда белсенді. 

Болжам бойынша бұл селолық округте сайлау түске дейін тәмамдалуы тиіс. Дегенмен, учаске заң талабына сәйкес кешкі 20:00-ге дейін ашық болады. Комиссия содан кейін ғана дауыс санауға кіріседі. Жалпы Үшқұдық ауылдық округі әкімі қызметіне үміткер үш азамат тіркелген. Екеуі саяси партия атынан болса, бір кандидат өзін өзі ұсынушы. Сайлау учаскесінде санитарлық талаптар да қатаң. Комиссия мүшелері мен байқаушылардың ПТР тесті немесе екпе алғандығы туралы анықтамасы болуы шарт. Селолық округке қарасты екі елді мекен бар. Сондықтан түс ауа көшпелі жәшік те жолға шығады.

Нұрболат Балғожин, сайлау учаскесінің төрағасы:

- 176-сайлау учаскесіне қарасты 823 дауыс беруші бар. Оның 51-і, яғни біздің осы жерде орналасқан Ақсазды деген ауылымыз бар сол жердің адамдары. Ол кісілерге біз, сол кісілердің өтініштері бойынша сол жерге барып жинаймыз дауысты.

Жалпы өңірде жасақталған сайлау учаскелері 84 ауыл тұрғындарының дауысын жинауға арналған. Ал 34 округ пен 1 ауыл әкімінің орнына 105 кандидат тіркеліпті. Олардың 63 саяси партиялардан болса, 42 өзін өзі ұсынғандар. Үміткерлердің басым бөлігі ер азаматтар. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша өңірде бүгінгі шара барысында дауыс беретін 32 мыңнан астам сайлаушы бар.

Хабар 24 телеарнасы