Павлодар облысында 44 ауыл әкімі сайланады

Ертіс өңірінің тұрғындары бүгін ауыл деңгейіндегі 44 әкімді сайлайды. Дауыс беру шаралары 139 елді мекенде өтуде.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, аймақта 52 мыңнан астам дауыс беруші бар. Науқан барысында 168 азамат әкім болуға ниет білдіріп, кандидатурасын ұсынған. Олардың барлығы жоғары білімді. Басым бөлігі педагогика, экономика, инженерия саласының мамандары. Қазіргі уақытта сайлау науқаны қандай да бір заң бұзушылықтарсыз өтіп жатыр. Комиссия мүшелері мен баҚылаушылар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауға баса назар аударған. Дауыс берушілердің дене температурасы тексеріліп, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін сақтау, қатаң бақылауда.

Жаңабек Өмірзақов, ауыл тұрғыны:

- Біздің Кенжекөлдің жағдайы көбіне қарағанда жақсы. Суымыз бар, светіміз бар, жолымыз бар. Бізге бір-ақ нәрсе жетіспейді. Ол орталықтан үйді жылыту. Осы мәселені әлі шеше алмай отыр. Мына Оңтүстіктің қалаларына барсаң, Шымкентке, Қызылордаға, Таразға. Қаланың жанында енді ол жақта газ ғой. Орталық жүйеден жылу береді. Жұмыстан кейін ауыр от жағу. Осы мәселені шешсе деймін.

Самал Қалиева, Кенжекөл ауылы №7 сайлау комиссиясының төрайымы:

- Сайлау учаскесінде 2229 адам бүгін дауыс беруде. Сағат 7-де учаскені ашқан болатынбыз. Қазір сайлаушылар дауыс беру үстінде. Сайлаушыларға барлық жағдай жасалған. Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес жасалды. Сонымен қатар сайлаушыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға да жағдайлар жасалған. Оларға арналған арнайы бұрыш, кабина жасалған.