Түркістан облысында халықтың 42% дауыс берді

Мерекелік көңіл-күй. Ән шашу. Ұлттық тағамдар. Түркістан облысының Қарнақ ауылының тұрғындары саяси науқанды халықтық мереке ретінде ұйымдастырды.

Қазан-қазан палау пісіріп, өз таңдауын жасауға келген сайлаушыларға тегін таратты. Халық сайлауға емес, мерекеге жиналғандай тамаша көңіл-күймен келіп, өз таңдауларын жасауда. Халықтың белсенділігі жоғары дейді учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері. Қарнақ ауылдық округінің әкімі болуға үш үміткер қатысып, бақ сынауда. Олардың екеуі саяси партиялардың атынан түссе, біреуі өзін өзі ұсынған. Кандидаттардың барлығы қарапайым ауыл тұрғындары. Бірі мектеп мұғалімі, екіншісі мал дәрігері және үшіншісі қазіргі ауыл әкімінің орынбасары. Жалпы Қарнақ ауылдық округінде 15 мыңнан астам халық тұрады. Соның ішінде сегіз мыңнан астамы сайлауға қатысып, дауыс беруде. Сайлаушыларға ыңғайлы болуы үшін ауылдағы бес мектепте сайлау учаскесі ұйымдастырылған.

Севара Тойметова, ауыл тұрғыны:

- Бүгін мен ең жас сайлаушы ретінде өз таңдауымды жасадым. Біз ол кісіні танимыз. Ауылымызды ары қарай дамытып, гүлдендіретініне сенеміз. Осыған дейін біздің аулымызды жастар клубы болмаған. Әкіміміз жастар клубын ашып береді деген ойдамыз.