Мәселелерді халық пен әкімнің жұмыла шешуі маңызды – Мәжіліс депутаты

Ауыл-аймақтың жайы белгілі. Қарапайым халықтың бұл сайлаудан күтері көп. Ол заңды да. Кедір-бұдыр жол, сапасыз медицина, қолжетімсіз интернет. Жаңа әкімнің алдында қыруар міндет тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік және экономикалық проблемаларды халық пен басшының жұмыла шешуі маңызды. Бастысы әкімдер сайлаушылармен кеңесіп, етене жұмыс істеуі керек. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осылай дейді. Оның айтуынша, аталған науқан жергілікті өзін-өзі басқарудың тағы бір сатыға өсуін білдіреді.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ауылдардың барлығының проблемасы ортақ деп айтуға болады. Ол – жергілікті жол инфрақұрылымы және жергілікті әлеуметтік инфрақұрылым. Міне, осы сайлаудан кейін әкім және халық бірлесіп, қай жерде жол жөнделуі керек, қай жерде кішкентай көпір салынуы керек, қай жерде амбулатория не өздеріне шағын кітапхана салуы керек, соның барлығын бірігіп шешетін болады.