Астана маңындағы Ақмол ауылының тұрғындары жаңа әкім сайлайды

Бүгін Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылдық округіне жаңа әкім сайланады.

Науқанды өткізу үшін елді мекенде 4 сайлау бөлімшесі жасақталған. Ақмол ауылы Ақмола облысына қарағанымен Елордадан қашық емес. Арасы Шамамен 30 шақырымдай. Целиноград ауданының орталығы саналады. 12 мыңнан астам тұрғыны бар. Оның 6 мыңдайы кәмелеттік жасқа толған, яғни дауыс беруге құқығы бар азаматтар. Дәл солар бүгін ауылды алдағы төрт жыл бойы басқаратын әкімді таңдайды. Тұрғындар үшін төрт сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Барлығы таңғы сағат жетіде әнұранды шырқатып, ресми түрде ашылды. Іле шала алғашқы дауыс берушілер де келді.

Әкім болуға үш үміткер тіркелген. Үшеуі де осы ауылдың тұрғыны. Жергілікті жұрт танып отыр. Үміткерлер де өз ауылымның басты мәселесін білемін және оларды шешу үшін еңбек етемін деген бағдарлама жасаған. Бір қызығы үш үміткердің де сайлауалды бағдарламасы сөзбе-сөз сәйкес келеді. Мән жайды түсіну үшін аудандық сайлау комиссиясына сауал жолдадық. Олар дауыс беру күні үгіт жүргізуге болмайды. Сондықтан барлық үміткерге бірдей бағдарлама жаздық деп түсіндірді. Ал тұрғындар сайланған әкім ең бірінші шешуі керек бірнеше мәселені атады.

Су, су тағы да су. Бізде судың сапасы өте нашар. Кермек татиды. Кейде жоғары қаббатағы үйлерге қысымы жетпей жатады.

Жанымыздағы көлдің суын тазарту керек. Өзіміз, балаларымыз сонда шомылдық. Бірақ немерелерімізді жібере алмаймыз. Ластанып кеткен.

Аулалар тазарып, көліктер бей берекет тұрмаса екен дейміз.

Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін үміткерлер мен қоғамдық бірлестіктің өкілдері, яғни байқаушылар бақылайды. Айтуларынша заң бұзушылық тіркелген жоқ.

Анель Мырзакәрім,  байқаушы:

Сайлаушыларға ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ. Әр адам өзі бюллетенін алып, артық ешкім жоқ жандарында, өздерінің дауысын беріп, таңдаған әкімдерін қолдап жатыр.

Жалпы Ақмола облысында бүгін 95 ауылға жаңа әкім сайланады. Дауыс беру кешкі сегізге дейін жалғасады. Сондықтан тұрғындарды белсенділік танытып, ауылдағы жағдайға бей-жай қарамауға шақырамыз.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Арман Ақшабаев