Үндістанда 40 жылда болмаған жауын жауды

Үндістанда жаз бойы жауын-шашын үзілмейді.

Жұрт та оған үйреніп қалған. Алайда биылғы жағдай өзгеше. Нөсер тіптен толассыз төпеп тұр. Мұндай жағдайі 40 жылда болмаған дейді жұрт. Салдарынан біраз өңірді су басып, лай көшкіні жүрді. Соңғы дерек бойынша табиғат апатынан көз жұмғандар саны 130-дан асып кеткен. Жоғалып кеткендер бар. Су тасқынына байланысты кей өңірдің халқы жарықсыз, сусыз қалған. Елдің батысындағы ковид-ауруханалардың бірінде электр қуатының ажыратылуы салдарынан жансақтау бөлімінде жатқан 8 науқас көз жұмды. Ал синоптиктер нөсер әлі бірнеше күн басылмайтынын ескертеді.

Анкита, жергілікті тұрғын:

Су тасқынынан үйім қирап қалды. Келсем не үйім жоқ, не көршілерім де жоқ. Жақындарымның арасында жарақат алғандар бар. Абырой болғанда, барлығы тірі.

БЕЛЬГИЯ: АЙМАҚТЫ ҚАЙТА СУ БАСТЫ  

Он шақты күн бұрын су тасқынынан зардап шеккен Бельгияны қайтадан су басты. Салдарынан Динан қаласында су шайып әкеткен көліктер теміржолдағы қозғалысты бөгеді.

ҚЫТАЙДА ӘУЕ САПАРЛАРЫ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ   

Қытайды да су тасқыны әбігерге салып тұр. Елдің орталығындағы Хэнань провиниясында 63 адам көз жұмды. 5 адам әлі табылған жоқ. Ал елдің шығысындағы Чжэцзян провинциясында «Иньфа» дауылы ойран салып жатыр. Билік 100 мыңға жуық тұрғынды эвакуациялады. Сондай-ақ пойыздарды тоқтатып, әуе сапарларын кейінге шегерді.

ТОКИО 2020: ДАУЫЛҒА БАЙЛАНЫСТЫ КЕЙБІР ОЙЫНДАР ӨТПЕЙДІ

Қазір Олимпиада ойындары өтіп жатқан Токиоға да тропикалық дауыл таяп қалды. Метеоролгтар жел күшейіп, жауын жауатынын болжап отыр. Салдарынан академиялық есуден ертеңге белгіленген жарыс кейінге қалды. 27 шілдеге жоспарланған жүзу және триатлон бағдарламасындағы ойындар кестесіне де өзгеріс енгізілуі мүмкін.

Микако Котани, Токио 2020 ұйымдастыру комитетінің спорттық директоры:

Біз күн райының кез келген өзгерісіне шұғыл түрде әрекет ете аламыз. Өйткені минут сайын тайфун мен аптап ыстыққа қатысты ақпарат алып отырмыз.

ЖАПОНИЯДА АПТАП ЫСТЫҚ САЛДАРЫНАН ОНДАҒАН ТҰРҒЫН АУРУХАНАҒА ТҮСТІ  

Мамандардың аптап туралы айтып отырғаны бекер емес. Өйткені Токиода қазір күн ыстық. Салдарынан 31 адам ауруханаға түсті. Екеуінің жағдайы ауыр. Бұған дейін аптап салдарынан олимпиадаға келген ресейлік спортшы тура жарыстың үстінде есінен танып қалған еді. Волонтерлер де осындай күйге түспес үшін оларға арнайы бас киімдер таратылып жатыр.

Синдзиро Нагата, жергілікті тұрғын:

– Мынадай ыстықта спорт тұрмақ далада жүрудің өзі оңай емес. Атлеттерге өз өнерін көрсету қиын болайын деп тұр.

ОҢТҮСТІК АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЫНДА РЕКОРДТЫҚ АЯЗ ТІРКЕЛДІ  

Жапондықтар ыстықтан әбігерге түссе, Оңтүстік Африка Республикасының тұрғындары соңғы бірнеше жылда алғаш жауған қарға мәз. Одан бөлек елде күн суытып кетті. Елде бұрын-соңды мұндай суық болмаған. Кей ауданда ауа температурасы минус 9,9 градусқа дейін төмендеген. Бұл метеобақылау тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ал мамандар суықтың беті әлі бір апта қайтпайтынын айтады.