Сайлау: Ақмола облысында 100 мыңнан аса халық дауыс береді

Ақмола облысында бүгінгі саяси науқанда ересектер мен қариялар белсенді.

Сайлау комиссиясының өкілдері, олардың өз учаскелеріне таңмен таласа келгенін айтады. Жалпы осы күні аймақта 95 әкім сайланады. Бұл республика бойынша ең көп көрсеткіш. Олардың бірнешеуі ғана кент әкімі, қалғаны ауылдық округтерді басқармақ.

Бұл облыс орталығынан 30 шақырым жердегі Зеренді ауданының Еленовка ауылы. Елді мекенде 700-ден астам халық тұрады. Олар бүгін Бұлақ ауылдық округінің әкімін өздері сайлап алмақ. Ал аталған лауазымға 3 адам үміткер. Саяси додада жеңетін кандидатқа жергілікті жұртшылықтың талап-тілегі бар.

Қаражан Қаметов, Еленовка ауылының тұрғыны:

Жол саламыз деп жатыр, асфальттап көшелерімізді. Енді мынау су құбырлары салынған. Соларды жақсылап жөндеп.  Жергілікті тұрғын ретінде бір айтатыным, осы елде пожарный машина деген жоқ. От, анау-мынау шықса, Көкшетаудан шақырады, ол келгенше жанып та кететін жағдайы бар.

Мардан Әбіл, Еленовка ауылының тұрғыны:

– Сол енді әкіміміз бізге кішкене жағдай жасасын. Бізде енді жер жоқ. Жеріміз жоқ. Енді мынау Германияға кеткендер бар. Солардың енді жерлерін бізге. Жер алсақ енді кішкене техникаларымыз бар. сол сонымен кішкене заниматься ету керек деген секілді.

Оралбек Бекішев, Еленовка ауылының тұрғыны:

– Көз көрсе, бет ұялады дегендей, өзінің үгіт-насихат жұмысын жүргізген соң оның да жауапкершілігі артады. Бұл енді халық сайлағаннан кейін, жауапкершілік үлкейгеннен кейін қазіргі сайланған әкімдер жұмысты жақсы атқаруға тиісті.

Ал ауыл тұрғындарының сайлау учаскесіне әрқайсысын жеке-жеке уақытқа белгілеп қойғандай біртіндеп келуі көз қуантты. Себебі, бұл, санитарлық қауіпсіздік үшін өте маңызды. Соның өзінде түске дейін халықтың жартысы дауыс беріп үлгерген.

Гүлсара Оспанова, №521 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары:

Таңертеңнен 7-ден 9-ға дейін үлкен кісілер жақсы келді. Енді Құдай бұйыртса сағат 5-ке дейін бітіреміз деп ойлаймыз. Қазір уже 50 процент келіп өтті.

Жалпы облыста бүгінгі сайлауда дауыс беретін 100 мыңнан аса халық бар. Ал саяси науқанға 300-ден астам кандидат қатысып отыр. Олардың 210-ы өзін-өзі ұсынғандар болса, қалғандары саяси партиялардан. Үміткерлердің 33 проценті – әйелдер,

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко