Қазақстанда ауыл әкімін сайлау науқаны аяқталды

Қазақстан бойынша 730 елді мекеннің әкімін анықтайтын сайлау мәресіне жетті.

Заң бойынша сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады.

Жергілікті сайлау комиссияларының дерегі бойынша, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20.00-де еліміздің 9 өңірінде сайлау учаскелері жабылды. Ал сағат 21.00 кезінде бүкіл республика бойынша дауыс беру аяқталды. Осылайша, кезекті сайлау науқанына орай ашылған 14 өңірдегі 1847 сайлау учаскесі жұмысын қорытындылап жатыр.

Елдегі 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Соның 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Яғни, сайлау заңнамасындағы жаңа мүмкіндікті 1419 адам пайдаланып отыр.

Сондай-ақ 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған. Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны –1839. Солармен бірге 458 әйел үміткер бағын сынады.

«Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, бірлестіктің 2 мыңнан астам өкілі 1847 сайлау учаскесінде бейтарап бақылау жүргізген.