Қостанай облысында аптап ыстықтан алқаптың үштен бірі күйіп кетті

Қостанай облысында қатты ыстықтан егістіктің үштен бірі күйіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек, өткен аптада жауған бұршақ біраз алқапқа залал келтірді. Арқалық қаласы маңындағы шаруа қожалықтары гектарынан 6 центнерден өнім жинауды жоспарлап отыр. Бұл әзірге орташа көрсеткіш. Ал, тәжірбиесі мол шаруалар құрғақшылыққа қарамастан мол түсім аларына сенімді.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Ағайынды Гертнерлер 20 жылдан бері егіншілікпен айналысады. Жыл сайын шамамен 4500 гектарға тұқым себеді. Негізгі дақылбидай. Тәуекелі басым аймақ болғандықтан құрғақшылыққа төзімді тұқым түрлерін егуге тырысады. Бірақ олардың өзі аптап ыстыққа шыдай бермейді.

Дмитрий Гертнер, шаруа:

- Алғашқы еккен алқаптар күйіп кетті. Дән енді түптене бастаған кезде ыстыққа ұрынды. Күннің қызуы дәнді қуырып тастады. Екі ай бойына тамшы тамбаған егінжайлар бар.

Ағайынды Гертнерлердің егін алқабының 20% аумағына құрғақшылықтан залал келді. «Бірақ қазіргі жағдайда мұны үлкен шығын деуге болмайды», - дейді олар. Егіншілікте озық технологияларды қолданатын бұл шаруашылықта астық шығымы ортадан жоғары. Мысалы, өзгелер гектарынан 3-4 центнерден алып жатса, бұлар 12 центнерден кем түспейміз деп отыр.

Сергей Гертнер, шаруа:

- Біз соқа қолданбаймыз. Ылғал сақтау үшін топырақты қопсытамыз, Химиялық өңдеуді уақытылы жүргіземіз. Жер қабатын терең жыртпас үшін ұсақ тісті соқаны пайдаланамыз.

Биыл Арқалық қаласы бойынша 300 мың гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар себілген. Әрине, оның басым бөілігі бидай. Көктемде топырақта ылғалдың молдығына қуанған мүндағы жұрт кемі гектарынан 12-15 центнерден алармыз деп болжаған еді. Енді 6 центнерден оралса сол деп отыр.

Руслан Құлетов, қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Енді аптап ыстықтың байланысты жеріміз жарылып кетті, Күйіп кеткен бидайларымыз да бар егіндеріміздің. Одан қалды астыңғы қоры сарғайып, дәндерінің уақытылы шықпай жатқандары да бар. Соңғы еккен шаруа қожалықтарының егіндері тұтастай шықпай қалды десе болады. Қазіргі Арқалық қаласы бойынша егілген егін алқаптарының 100%-інің 30%-і қазіргі таңда күйген жағдайда отырмыз.

Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. «Облыстың оңтүстік аудандарында тамыз айында жаңбыр жаууы мүмкін», дейді. Бірақ шаруаларға одан не қайыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг