423,81 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қызылорданың орталық алаңы бей-берекет сауда нүктесіне айналған

  • 90
  • UPD: 11:54, 26.07.2021

Қызылорда қаласының орталық алаңы бей-берекет сауда нүктесіне айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жабайы жайма базардан бөлек велосипед пен электронды көліктерден аяқ алып жүргісіз. Тұрғындар емін-еркін серуендейтін тынығу орны кешқұрым у-шу, азан-қазан. Бар жылдамдықпен жүйткіген 4 адамдық велосипедтердің балаларды қағып кету деректері жиі тіркеледі. Ойын-сауық ордасына айналған орталық алаңға біздің түсіру тобымыз да барып қайтты.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Отбасылық серуенге шығып ауыр соққы алған Ирина Виноградованың аяғы қанталап, сыздағаны әлі басылмай жүр. «Субұрқақтың жанында жүріп төмен түскенім сол еді 10-12 жастағы жасөспірімдер мінген 4 дөңгелекті велосипед қақты да кетті», - дейді жас ана.

Ирина Виноградова, қала тұрғыны:

- Қайта балаларым алдыға озып кетіп, соққыдан аман қалды. Аяғым дөңгелектің ортасында қалып, 4 адам мінген велосипед үстімен өте шықты. Рульде отырған қыздардың бірі «тежегішті бастым» дейді. Ал жанындағы қыз ол қай жерде деп аңтарылып отыр. Бұл – тұтынушыларға қауіпсіздік қағидаттарын мүлдем үйретілмейді деген сөз.

Кешқұрым орталық алаңдағы әуенді субұрқақты жағалай жарық шамдары самаладай жарқырайды. Күндізгі аптап басылғасын саялы арбаттың бойы да жанға жағымды. Күні бойы ыстықтан үйге тығылған үлкен-кішінің қас қарая алаңға ағылатыны сондықтан. Бірақ алшаң басып жүре алмайсың, алды-артыңды бақыламасаң, қатер аяқ астында.

Блиц (қала тұрғындары):

- Дұрыс емес, басқа кеңдеу жерге апару керек. Өздерінің бизнестері ғой түсінуге болады. Қорқамыз, 2-3 баламен келсек қайсысына қараймыз.

Блиц 2:

- Негізі шағын жер ғой. Демалып, субұрқақ жанында таза ауа жұтып жүретін жер тек қана. Балмұздақ, попкорн сатуға рұқсат беріп, мынандай нәрселерді алып тастау керек шығар деп ойлаймын.

Блиц 3:

- Бірнеше рет әкімдікке арыз жазғанбыз. Қазір жауабын күтіп жатырмыз.

Блиц 4:

- Балалары үшін келеді ғой бәрі демалуға. Соғысқанда адам өліп жатқан ештеңе жоқ. Ата-ана қарап жүрсе бәрі дұрыс.

«Негізі мұнда жабайы сауда қатарын жайып, түрлі аттракцион қоюға болмайды. Бірақ кәсіпкерліктің жолын кесіп, оларды қуып шыға да алмаймыз», - дейді жергілікті билік өкілдері.

Бағлан Амангелдиев, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бұл жерлерде кәсіппен айналысуға болмайтындығы жөнінде әкімдік пен қалалық полиция басқармасы түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Осы мәселені шешу, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Қызылорда қаласының аумағынан 90-ға жуық жер учаскесін қарастырып ұсынған болатынбыз. Алайда кәсіпкерлерге күнделікті осы жер ыңғайлы болғандықтан басқа жаққа ауысқылары келмей жұмыс жасауда.

Қайрат Сарымбетов, кәсіпкер:

- Орталық паркте орын жоқ. Бізді кіргізсе әрине, барамыз. Ол жақтың бәрін алып қойған. Біз әкімдікке өтініш жасадық орталық паркке кіргізіп беріңіздер деп. Қанша дегенмен пәленбай миллионға несиеге алып келген нәрсе. Бұл великтің біреуі 380 мың теңге тұрады. Бала-шағаны асырау керек.

Сонымен әкімдікке өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын шешім табу керек болып тұр. Дегенмен, адам саулығы мен өмірі бәрінен қымбат емес пе?! «Сондықтан велошабандоздарға бөлек алаңқай бөлінгені дұрыс», - дейді тұрғындар.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы