БҚО-да демалыс күндері қоғамдық көлік қатынамайды

Батыс Қазақстан облысында бүгіннен бастап карантинитік жаңа шектеулер енгізілді. Қоғамдық көліктер сенбі күні де жүрмейді.

Бұған дейін олар тек жексенбіде ғана тоқтайтын. Банктер мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ пошта бөлімдері де жексенбіде жұмыс істемейді. Бұл шектеулер қоғамдық тамақтану орындары, спорт кешендері, сауналар, бассейндер және базарларға да қатысты. Аймақта эпидемиологиялық ахуал ушықты. Тек шілде айында 5 мың адамнан қатерлі індет анықталған.

Мұхамғали Арыспаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Шілдедегі жағдай өте күрделі. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2020 жылға қарағанда биыл өте көп, 60 пайызға көбейді. Мысалы, былтыр 3016 оқиға болса, биыл 5 мың 128 оқиға болды. Осының бәрі инфекциялық қауіп төндіріп отыр. Қазір орындардың бәрі бос емес, мысалы, облыстық клиникалық стационарда 98 процент уже орын жоқ деуге болады. 

Нәдір Құрымбаев, «Азаматтарға арналған үкімет»  АҚ БҚО филиалының директоры:

- БҚО Бас дәрігерінің қаулысына сәйкес, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» 5 күндік режимге өтеді. Ол дегенміз біздің облыс тұрғындары қызметтерді жұма күніне дейін алады. Ал сенбі күндері ХҚКО жабық болады. Бірақ та 200-ге жуық қызмет көрсетіледі. Оны электрондық egov.kz порталы арқылы ЭЦҚ арқылы алуға болады.