Өскеменде қоғамның әлжуаз тобының өкілдері берілген баспана сапасына шағымданды

Бес жыл күткен баспанананың жыры бітпеді. Өскеменде жетімдер мен көп балалы отбасылар және кембағал жандар өздеріне мемлекеттік бағдарламамен берілген баспананың сапасына наразы. Өйткені үйдің төбесінен суы сорғалап тұр. Басқа да кем-кетігі жетіп артылады. Тіпті мүгедектерге арналған пандустың да сиқы жоқ.

Неге бұлай? Тұрғындар енді қайтпек? 

- Міне уже кетіп жатыр, міне, міне асты түгел пенопласт.

9 қабатты үйдің табалдырығынан бастап төбесіне дейін кемшілік тұнып тұр. Оны бізге осы үйдің тұрғыны, күміс алқа иегері Ғалиянұр Ынтықбаева ашынып көрсетті. 

- Өте биік, жаяу адам өзі әрең түседі, міне не то, что басқа нәрсені сүйретіп алып шыққан.

Осыдан екі апта бұрынғы жауын кезінде суағардан аққан жаңбыр пәтерлерге дейін кіріп кеткен.

Орнынан тайып кетіп, төбемізден түгел су ақты, мынаның міне түгелінен, қолымызбен басып, тұрғындар бар судың барлығын жинап алдық. Бала-шағамызбен ұстап тұрдық лифтіге жібермей.

Баспананың басынан аяғына дейін салғырт салынғанына дәлел көп. Оның бәрін көрсетіп шығу үшін тіпті бір күн жетпейді дейді көп балалы ана.

- Мынау бәрі бос тұр, суағар мынау, сетка болуы керек міне сеткасы жай қоя салған, мынаған мусор толады содан соң бітеледі, содан су сыртқа ағады. 

Жап-жаңа үйдің шұрық-тесігін түгендеп шыққан Ғалиянұрдың салы суға кетті. Өткен күзде ғана берілген баспананың қазіргі түрі осындай болса, бес жылдан кейін не болар екен деп алаңдаулы.

Ғалиянұр Ынтықбаева, көп балалы ана:

- Бергендеріне рахмет, Үкіметке рақмет айтамыз, бірақ істелмеген жұмыс өте көп. Су ағады, жаңбыр жауған сайын өзіміз соны қолмен жуамыз. 

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған үйде 100-ден астам жанұя тұрып жатыр. Бастапқыда олар үй сапасынан күмәнданып, қабылдаудан бас тартпақ болыпты. Алайда жергілікті әкімдік өкілдері бәрін «қатырамыз» деген соң сеніп, енді сан соғып отырмыз дейді. Жауапты сала мамандары болса жайбарақат. Құрылысты салған мердігер компанияның кепілдік мерзімі аяқталған жоқ, ендеше бәрі жөнделеді деуге үміт бар дейді. Оның үстіне бұл іске «Нұр Отан» партиясы да араласыпты.

Мерей Әкімжанов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- «Нұр Отан» партиясы қалған дефектілер бойынша жұмыс атқарып жатыр. Анықтау жұмыстары жүргізіліп біткен соң мердігер компания кепілдік мерзіміне сәйкес жұмыс атқарады.

Ал құрылыс нысанын қабылдап алатын арнайы комиссия назарына бұл кемшіліктер әу баста қалай ілікпеген? Ол жағы беймәлім қалып отыр.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин