Коронавирустың ауыр түрімен ауырған науқас міндетті түрде оңалтудан өтуі керек

Коронавирустың ауыр түріне шалдыққан науқастар міндетті түрде оңалтудан өтуі керек. Әсіресе пневмониямен ауырғандарға аса керек. Ал симптомсыз немесе жеңіл түрде ауырып шыққандар оңалтуды қажет етпейді. Дегенмен, тұрғындардың көбі стационарлық емнен кейін де денсаулыққа көңіл бөлу керектігін біле бермейді. Оның міндетті медициналық сақтандыру арқылы тегін жүргізілетінінен де хабарсыз. Алматы қаласы бойынша жыл басына бері 400 адам ғана оңалту орталығына барып, арнайы ем алған.

Алматылық Мәди Жапақұлы ковидпен қатты ауырып тұрған. Емделіп болған соң бірден учаскелік дәрігеріне барып, оңалтудан өтуге жолдама сұрапты. Бұл туралы теледидардан естіген.

Мәди Жапақұлы, қала тұрғыны:

- Алғашы келген кезімде тыныс алу жағынан ақаулар болған. Қазір міне жердің таза ауасы, одан кейін алып жатқан емдерім кәдімгідей шипа берді десем артық емес. Қазір денсаулығым жақсы, құдайға  шүкір.

Қазір Алматыда оңалтумен айналысатын 62 медициналық мекеменің біреуі ғана коронавируспен ауырып шыққандарға санаторлық жағдайда ем шараларын жүргізеді. Алатау бөктерінде теңіз деңгейінен 1500 метрге жуық биіктікте орналасқан бұл жердің ауасының өзі талай дертке ем. Мұнда келем деушілердің қарасы қалың. Бас дәрігердің айтуынша, орын жоқ. Тамыз айына алдын ала жазылып қойылған. Кезекте 100 адам тұр. 

Қуатжан Тұрысбеков, оңалту орталығының бас дәрігері:

- Бүкіл дүние жүзі қазір реабилитацияға басты назар аударып отыр. Неге десеңіз, отдаленный результаты деп жатамыз ғой. Кейін бір жылдан кейін не болады. 10 жылдан кейін не болатынын ешкім білмейді. Сол үшін ешқандай без последствий, без осложнений, асқынусыз науқастар аяғынан тез аяғынан тұрып кетіп, инвалид болмай, мүгедек болып қалмай что қайтадан жұмысқа араласып кетіп, аяғынан тұрып кету үшін реабилитация маңызы өте зор.

Десе де, короновируспен қатты ауырып тұрғандар оңалтудан өту керек екенін қала тұрғындарының бірі білсе, бірі білмейді. 

- Мен врачқа келдім да айттым реабилитация өту керек екен ғой. Мен неге өтпедім деп. Сіз жеңіл түрімен ауырғансыз. Сізге өтуге болмайды. Больницаға жатып лечиться еткендер жатады деді.

- Про реабилитацию я не слышала. Мен оңалту туралы естімедім. Былтыр ауырдым. Бірақ маған дәрігерім оңалтудан өт деп айтпады

Әлеуметтік сақтандыру арқылы медициналық оңалтуға бөлінетін қаржының көлемі де аз емес. Бір адамға 200 мың теңге жұмсалады. Тек Алматы қаласы бойынша биыл осы шараға 7,7 млрд теңге бөлінген.

Тілеухан Әбілдаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ  қалалық филиалының директоры:

- Емханаларында учаскелік дәрігерлер бар. Керек деп тапқан жағдайда реабилитологқа ақыл-кеңеске беріледі. Дәрігерлік кеңестің қорытындысынан кейін оларға реабилитациялық көрсетілімдер болатын болса, соның жағдайына орай тиімді мед.реабилитация таңдайды. Содан кейін оның қанша уақыт жүргізу керек екенін, порталын ауруханаға датаны күндерін анықтауға жолдама берілетін болады.

Осы жарты жылда Алматыда коронавирустың ауыр түрімен ауырғандардың тек 400-і оңалтудан өткен. Ал тұзды шахта, шунгитті терапия, физиоемдеу, емдік жаттығулар ковидтен құлан таза айығудың ең тиімді жолы. Бірақ ковид жұқтырған алматылықтардың барлығы 14 күн бұл ем-шараларды ала алмайтыны анық. Себебі мегаполисте індет жұқтырғандарды оңалтатын бір ғана мекеме жұмыс істеп тұр.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жумабаев