Елордада көп балалы аналар халықты вакцина салғызуға шақырды

Елордада көп балалы аналар халықты вакцина салдыруға шақырды. «Мықты аналар» қорының қызметкерлері індеттің балалар арасында да кеңінен таралып жатқанына алаңдайды. Жыл басынан бері елде 34 мың бала коронавирус жұқтырған. Оның арасында өлім құшқан сәбилер бар. Сол себепті көп балалы аналар бұл қатерден тек вакцина құтқарады деп отыр.

Кеселдің кететін түрі жоқ. Елордада күніне кемі мың жарым адамнан анықталып жатыр. Ауруханалар науқастарға лық толы. Індеттің ілмегіне балалар да ілініп жатыр. Жыл басынан бері 34 мың бүлдіршін коронавирус жұқтырып алған. Соның екеуі бақилық болды.

Ұлжан Мырзагелдиева, «Мықты аналар» қорының құрылтайшысы:

- Қазір қоғамда күрделі мәселе тудырып жатқан – ол вакциналау, яғни екпе салдыру. Коронавирусқа қарсы екпе салдыруды біз де қолға алдық. Мен өзім белсенді ана ретінде, өзімнің және бала-шағамның денсаулығына жауапты адам ретінде алғашқылардың қатарында Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасын қабылдадым. 

Бұл сұмдықтан тек вакцина ғана құтқарады. «Мықты аналар» қорының қызметкерлері бұған сенімді. Олар біраз уақыттан бері жағдайы жұтаң жандарға қол ұшын созып келеді. Көп балалы отбасынан шыққан және ерекше қажеттілігі бар балаларды осы орталықта оқытып жатыр.

Ұлжан Мырзагелдиева, «Мықты аналар» қорының құрылтайшысы:

- Қоғамдық иммунитет қалыптаспай, біз бұл ауруды жеңбейміз. Ал бұл ауруды жеңу үшін біз бірлесе отырып, вакцина қабылдап, өзіміздің денсаулығымызға, өзгенің де денсаулығына жауаппен қарауымыз керек.

Балалардың дені вирусты үлкендерден жұқтырады. Сол себепті перзент өсіріп отырғандардың екпе салдырғаны өте маңызды. Қазір қалада 326 мыңнан астам адам вакцинаның алғашқы компонентін салдырған. Екпенің екі бірдей дозасын 219 мыңнан аса адам қабылдапты.

Дастан Сейілханұлы