Өзен-көлдерде демалушылардың көбі қарапайым қауіпсіздік ережесін елемейді

Елде шомылу маусымы басталғалы бері 224 адам суға кетіп, көз жұмды. Олардың 68-і бала. Сала мамандарының айтуынша, қауіпсіздік шаралары күшейтілгенімен нәтижесі көңіл көншітпейді. Өзен-көлдерде демалушылардың көбі қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемейді немесе құтқарушылардың сөзіне құлақ аспайды. Соның салдарынан қайғылы жағдайларға душар болып жатады. Осы күндері ел аймақтарында рейдтік шаралар да үздіксіз ұйымдастырылуда. Нәтижесі бар ма?

Бұл оқиға Семей қаласында болды. 16 жасар баланы Ертіс өзенінің қатты ағысы алып кете жаздады. Абырой болғанда, әскери қызметші Сағжан Мұхтаров жасөспірімді аман алып қалды. Алайда судағы оқиғалардың соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін. Ел шығысында судан ажал құшқандар саны артып барады. Жыл басынан бері 31 адам суға кеткен. Жағдайлардың барлығы жабдықталмаған жерлерде тіркелген. 

Дмитрий Титов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Жабдықталмаған жағажайдың өзінде жеткіншектер суға түсіп жатады. Қастарынан бір үлкен кісі көрмейсің. Ал шомылуға арналмаған жерде құтқарушылар болмайды, алда-жалда көмекке  шақырса ешкім де қол ұшын созбайды. Шомылу маусмынан бері 6 бала көз жұмды. Бірақ осындай қорқынышты ақпараттың өзі ата-аналарға сабақ болар емес.

Ақтөбе облысында соңғы тәулікте құтқарушылар өзен-көлден үш адамның денесін алып шықты. Құтқарушылардың айтуынша, қайғылы оқиғалар адамдардың абайсыздығынан болған. Оған қоса спирттік ішімдік ішіп, ажал құшқандар бар. 

Оразкелді Дүйсен, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Осы 2021 жылы 23 адам тіркеліп отыр. Оның ішінде төрт бала. Былтырғы жылы 17 адам, 3 бала болған. Қазір алты адамға биылғы жылы саны көбейіп тұр. Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың әсерінен осындай жазатайым жағдайлар болып жатыр. 

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 23 адам суға кетіп қайтыс болған. Өкінішке орай, солардың 9-ы балалар. Қайғылы оқиғалардың басты себебі жүзуге арналмаған орындарда суға түсу және балаларды қараусыз қалдыру, дейді сала мамандары.

Нұралы Мұсиев, облыстық ТЖД бас маманы:

- 2021 жылдың 25 шілдесінде Бәйтерек ауданы аумағында «Карьер» су айдынында қайғылы жағдай болды. 2014 жылғы бала суға батып кетті. Жалпы айтқанда, суға батудың негізгі себебі балалардың қараусыз қалуы. Жыл басынан бері 23 адам суға батып кетті, соның тоғызы бала.

Ал Павлодар облысында жабдықталған осындай 30 жағажай бар. Әр аудан орталығы мен курорттық аймақтарда шомылуға арналған орындар жұмыс істейді. Шілденің ыстығында тұрғындардың көбі осы орталық жағалауға ағылады.

Ярослав Столяров, қала тұрғыны:

- Әрине рұқсат етілген жерлерде шомылуға тырысамыз. Бірақ кей кездері жабайы жағалауларға да барғымыз келеді. Бұған қарамастан қауіпсіздік ережелерін сақтаймыз. Балаларымызды қараусыз қалдырмаймыз.

Светлана Самоловова, қала тұрғыны:

- Арнайы жағажайларда шомыламыз. Басқа жерлерге бармаймыз. Қауіпті. Кішкентай баламмен басқа жерлерге демалуға бармаймын. Олар үшін қорқамыз.

Десе де, тұрғындар қауіпсіз орындардан гөрі рұқсат етілмеген жерлерді шомылуды жөн санайды. Облыста осы күнге дейін 15 адам суға кеткен. Олардың үшеуі бала.

Мейрамбек Батырқұлов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Суға кетудің негізгі себептері – ол рұқсат етілмеген жерде шомылу және мас күйінде шомылу. Адамдар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Құтқару кеудешелерін киюге мән бермейді. Балалар ата-ана салғырттығынан суға батып кетеді. Мәселен, Екібастұз қаласындағы Сәтбаев арнасынан алты жастағы баланың мүрдесі табылған. Ол ата-анасының қарауынсыз болған.

Павлодарлық құтқарушылар соңғы бірнеше тәулікте 42 рейд өткізген. Судағы қауіпсіздік ережелері туралы мыңға жуық ескерту қағазын таратқан. Өзен-көлдерде қоғамдық тәртіпті бұзған 45 азаматты жауапқа да тартты. Дегенмен, осындай шаралардың берер нәтижесі шамалы. Мамандар әр адам өзі үшін жауапкершілік танытса дейді. Сонда ғана қайғылы оқиға азаюы мүмкін.

Аймақ тілшілерінің көмегімен Ақмарал Есімханова