Маңғыстау облысының Оңды ауылында сайлауда 26 жастағы үміткер ең көп дауыс жинады

Маңғыстау облысының Оңды ауылында 26 жастағы Қуаныш Жәнібекұлы ең көп дауыс жинады. Ал Қызан ауылы бойынша халық таңдауы Қоңай Сүлейменов есімді 60-тағы азаматқа түсті.

Жалпы 6 ауыл және 4 ауылдық округте әкім болуға 25 кандидат тіркелген еді. Сайлау қорытындысында 10 үміткер өтті. Жетеуі мемлекеттік қызметкер. Соның ішінде 2 адам ауылдық округ әкімі болып қайта сайлануға құжат тапсырды. Ауыл әкімдерін сайлауда 14 мыңнан астам сайлаушының 82,4 проценті қатысып, өз таңдауын жасады.

Асқар Рзаханов, сайлау комиссиясының төрағасы:

- 10 сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 14144 сайлаушы енгізілген болатын. Сайлау күні 11 мың 650 адам сайлауға қатысты. Өткен сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі - бұл бюллетеньдерде «барлығына қарсымын» деген бағанның болуы. 279 адам барлығына да қарсы дауыс берді. Дауыс беру күні ешқандай да өтініш-шағым болған жоқ.