Қоршаған ортаны қоқыспен ластағандар 100 млн теңге айыппұл төледі

Қазақстанда жарты жылдың ішінде табиғатты ластаудың 110 мыңдай дерегі анықталған.

Қоқыс шашып, тәртіпті бұзған азаматтардан 97 млн теңге өндірілді. Алайда тоған судың маңындағы қоқыс үйінділерінің көлемі азаяр емес.

Жол бойында қоқыс. Жол жоқ жерде қоқыс. Су бойында қоқыс. Ну бойында қоқыс. Қоқыс, қоқыс, тағы қоқыс. Коронавирус алқымнан алған тұста, шаһар халқының у-шудан аулақ, адам аяғы баспайтын жерге безгісі келетіні түсінікті. Мұндайда елорда маңындағы су тоғандары демалуға таптырмайтын орын көрінеді. Мәселен мынау – Қосшы ауылының  қасындағы жағалаудың көрінісі.

Табиғат аясында кәуәп қуырып, көңіл көтерудің еш ағаттығы жоқ, әрине. Тек баршаға ортақ аумаққа аяушылық, ал өзге тынығушыларға сыйластық танытуға келгенде халық селқос. Шашылған қоқысқа тіпті еті үйреніп кеткен тәрізді. Өкініштісі, кімнің қай уақытта, қай жерде қоқыс төгетінін анықтау қиын. Әсіресе иен даладағы қараусыз тоған маңын бақылау мүмкін емес.

Жалпы, тұтас ел аумағында мұнымен айналысатын табиғатты қорғау полициясының 400 қызметкері бар. Ішкі істер министрлігіне қарасты әкімшілік полицияның өкілі атап өткендей, барлығының әр үйіндіге жауаптыны анықтауға шамасы жете бермейді.

Данияр Уақасов, Әкімшілік полиция комитетінің табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы:

– Демалушылар сенбі-жексенбі күні, өздеріңіз білесіздер, көп болады. Табиғатты қорғау полициясының бәрі аумақты түгел бақылап үлгермейді ғой. Сондықтан барынша, шама келгенше құқық бұзушылықтарды анықтап, кінәлі адамдар жауапқа тартылды.

Иә, жыл басынан бері бейберекет қоқыс шашып, тәртіп бұзудың 109 мыңнан астам дерегі анықталған. Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес айыптылардан 97 млн теңге өндірілді. Яғни ережені бір емес екі қайтара бұзғаны үшін әрқайсысына 58 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бірақ бұдан жағдай өзгерер емес.

Табиғатты ластауға қарсы жазаны күшейтуге былтыр Президенттің өзі пәрмен берген еді. Бірақ тиісті заң өзгермей жатып, халықтың санасы өзгерсе көрім болар еді.  

Авторлары: Бақыт Топтаева, Марк Брюшко, Жандос Битабаров