Елімізде дәрі-дәрмек бір жылда 5%-ке қымбаттады

Биыл алты айда елдің фармацевтикалық компаниялары 99,3 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек шығарды.

Оның тең жартысына жуығы Қарағанды облысының үлесінде. Шымкенттегі зауыттар 22 жарым миллиардқа, Алматы облысында 18, Алматы қаласында 13,4 миллиардқа медициналық препарат жасады. Жалпы алғанда елде өндіріс 31 процентке көбейген. Сәйкесінше импорттың үлесі бір жылда 22 процентке кеміді.

Шет елден жеткізілетін дәрі-дәрмектің 42 проценті ТМД елдерінен, оның ішінде Ресей, Украина және Беларусьтен импортталады.  Қалғаны Қытай, Үндістан, Польша, Германия және Франция сынды елдерден әкелінеді. Нарықта импорт азайып, отандық өнім көбегенімен баға арзандамады. Керісінше алты айда 4,8 процентке қымбаттаған. Әсіресе Маңғыстау облысында шарықтап кетті. Мұнда медициналық препараттардың бағасы 18 процентке қымбаттаған. Елордада 11, Ақмола облысында 10 процентке көтеріліпті.

ЖЕМ-ШӨПТІ ШЕТЕЛГЕ САТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНУЫ МҮМКІН

Жем-шөп шет елге сатылмайды. Елдің ауыл шаруашылығы министрлігі осындай шектеу енгізбек. Тыйым салатын құжаттың жобасы нормативтік құқықтық актілерді қоғамдық талқылауға ұсынатын ашық порталда жарияланды. Мұнда алтыншы тамызға дейін көпшіліктің пікірі тыңдалады. Егер жұрт жаңа тыйымды жақтаса шектеу 6 ай мерзімге енгізіледі. Әзірге нақты қай күннен басталатыны белгісіз.

Айта кетейік, бұған дейін үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетімен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына мәселені жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін жүелі жұмыстар атқаруды жүктеген болатын.

БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ 9,25% ЖЕТТІ

Базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны 4-6 процент, яғни болжамдағы деңгейге төмендету мақсатында жасалған қадам. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағанбетов осылай дейді. Оның айтуынша, кейінгі айда елде жанар-жағармай, электр қуаты, және азық-түлік едәуір қымбаттады. Қызмет түрлеріне сұраныс артып, бағасы шарықтап барады. Қазақстан ғана емес алыс-жақын шет елдерде де ұқсас жағдай. Себебі пандемияға байланысты орталық банктер экономикаға қолдау көрсету үшін базалық мөлшерлемені жаппай төмендетті. Яғни несие пайыздары азайып, қаржы қолжетімді болды. Алайда карантин шектеулері алынғаннан кейін экономикалық белсенділік бұрынғы қалпына келді. Енді нарықты тұрақтандыру үшін Ұлттық банк азаматтардың қаржыны жаратуына немесе жинақтауына ықпал етеді. Мысалы мөлшерлеме төмен болса, жұрт кредит алып қаржыны көбірек жұмсайды. Ал жоғары болған жағдайда несие алғаннан көрі депозитте жинақтау тиімді екенін байқайды.  

Ақылжан Баймағанбетов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Дамыған елдер экономиканы ынталандыру бағдарламаларын тоқтатуға көше бастаса, дамушы елдер ақша-кредит талаптарын рет-ретімен күшейтіп жатыр. Қазақстанды айтпағанда, ЕАЭО елдері – Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан инфляцияға жауап ретінде өздерінің негізгі мөлшерлемелерін өсіріп қойды. Жыл басынан бері негізгі мөлшерлемелер Түркия, Бразилия, Украина, Грузия және Тәжікстан секілді басқа да көптеген дамушы елдерде де көтерілді. Еуропа елдерінен Венгрия мен Чехияда мөлшерлемелер өсірілді. Жыл басынан бері 18 орталық банк мөлшерлемені көтерді.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Қазақстан қор биржасында АҚШ тың бір доллары 424 теңге 64 тиынға тең. 1 еуроны 500 теңге 90 тиын деп белгіленген. Ресей рубльі 5 теңге 74 тиынға саудаланып жатыр.

ҚЫТАЙ БАҒЫТЫНДА 5 МЫҢДАЙ ВАГОН ҚАҢТАРЫЛЫП ТҰР

Армысыздар. Қытай бағытында қаңтарылған вагондарға жүк мамыр, маусым айыларында тиелген. Бірақ содан бері шекара аса алмай қаңтарылып тұр. Өйткені қарсы тарап карантин талаптарын күшейтіп жүкті өткізу мүмкіндігін барынша қиындатып тастаған. Вагондар негізінен бидай мен кен тиеген. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқра төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша Қытай тарабы енді ғана аз мөлшерде қазақстандық тауарды кіргізуге рұқсат берді. Қазір былтыр қарашада тиелген вагондар өткізіліп бітті. Қытай біздің елден жабық вагонға тиелген азық түлік өнімін кіргізуге шектеуді былтыр қарашаның 15-не енгізді. Айтуларынша жабық вагонмен вирус тасымалдануы мүмкін.

Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ»ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Елдің премьер-министрінен бастап вице-премьер, министр, барлық деңгейде бірнеше рет хат жолдап, тиелген жүкті қабылдауын сұрадық. Әзірге жүкті Қазақстан шекарасында Қытайдың вагондарына тиеп алып кетуге рұқсат берді. Егер тауарымызды қабылдамағаны үшін олардың вагондарын өткізбей қойсақ, басқа жол табады. Мәселен Ресей біз арқылы өт деп жеңілдік ұсынып отыр. Қытай тауары Еуропаға Ресей арқылы кетсе біз транзиттен түсетін табыстан айырыламыз.