Елімізде 4763 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды

Өткен сенбіде республика бойынша бірқатар өңір рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің алдын алу және жою бойынша рейдтік шаралар өткізді.

Рұқсат етілмеген қоқыстардың болуы бүгінгі таңда бірінші кезектегі мәселелердің бірі болып табылады.

Бүгінгі күні республика бойынша 4 763 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Қолайлы емес статистиканы ескерсек бұл проблеманы шешу барлық мүдделі ұйымдарды, оның ішінде қоғамды тарта отырып, түбегейлі шараларды қолдануды талап етеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы ҚР Үкіметінің соңғы кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берген болатын және оны орындау шеңберінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және олардың пайда болуының алдын алу бойынша ауқымды іс-шара ұйымдастырды.

Бірінші рейд 24 маусымда басталды және оны бір мезгілде бес ірі өңір: Қарағанды, Павлодар, Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары өткізді. Рекреациялық аймақтарға экология департаменттерінің, әкімдіктердің, жергілікті полиция қызметінің өкілдері және 30-дан астам эковолонтерлер шықты.

Бір күндік жұмыс нәтижесінде 20 заңсыз қоқыс орны анықталды, олардың 13-і сол күні жойылды. Сонымен қатар 6 ескерту беріліп, 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл рейдтік шаралардың бастамасы ғана. Апатты үйінділерін жою кестесі биылғы қыркүйек айының соңына дейін барлық өңірге мерзімді сапарларды қарастырады. Кейінгі рейдтердің нәтижелері қосымша жарияланатын болады.