Қосшыда енді не өзгереді?

Сөйтіп, Қосшы облыстық деңгейдегі қалалар қатарына қосылды. Президент тиісті Жарлыққа қол қойды.

Елорданың іргесіндегі елді мекенде енді не өзгереді?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қосшы бұған дейін ауылдық округ болатын. Енді қала мәртебесін алды. Бұл дегеніміз, елді мекеннің тыныс-тіршілігі түбегейлі болмаса да, сәл өзгеретінін білдіреді. Себебі, қала болған соң бюджет те ұлғаяды әрі толғандырған түйткілдер аудандық емес, облыстық деңгейде қаралады.

Қосшыда 60 мың халық тұрады. Кәсіпкерлік субъектілер саны 3 мыңға жуық. Қала мәртебесіне әбден лайық. Төленетін салық та көп. 80 млн теңгенің шамасында. Бірақ басым бөлігі аудандық бюджетке түседі. Ендігі жағдай басқа.

Ержан Жолымбетов, Қосшы қаласының әкімі:

- Қосшыны қалаға айналдыру туралы бастама осыдан 5 жыл бұрын көтерілді. Кейін елордаға қосу жайлы мәселе де қозғалды. Ақыры алғашқы нұсқа таңдалды.

Сайра Матайбаева, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты:

- Енді елді мекенде жолдар жөнделіп, мектеп пен балабақша және басқа әлеуметтік нысандар салынса игі. 6 мыңға жуық балаға білім ошақтары жетіспейді және ауырып, балтыр сыздағанда баратын емхана жоқ. Жолдың жайы да жергілікті халықты қинайды.

Қосшыдағы мектеп мұғалімдерінің жалақысына енді бұрынғыдай үстемақы қосылмайды. Бұған дейін ауыл аталып келген соң мүлік салығы да аз төленетін. Енді көлемі көбірек болады. Бюджет молайса, инфрақұрылым мен жаңа жаңа әлеуметтік нысандардың салынуына жол ашылады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Арман Ақшабаев

Сондай-ақ...