ШҚО-лық кәсіпкерлер электр қуатын есептегіш құралдардың қымбаттығына шағымданды

Алакөлдің жағасында кәсіп ашқан кәсіпкерлер электр қуатын есептегіш құралдардың қымбаттығын айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тоқпен жабдықтау компаниясы бағасы 150 мың теңге болатын есептегіш алуды талап еткен. Ал ол құрылғы Ресейде жасалады.  Бизнес өкілдері мұндай есептегіштің отандық баламасы едәуір арзан, сапасының да кем түспейтінін алға тартады.

Жаз маусымында Алакөлдің жағасы демалушылардан босамайды. Бүгінгі таңда туристік нысандар адамдарға лық толған. Көптеген демалыс аймағында электр қуатының шектен артуы байқалады. Салдарынан жарық жиі сөніп, қуат есептегіш құралдар істен шығып жатыр. Кәсіпкерлер жаңасын орнату қымбатқа түсетінін айтуда.

Сұлтан Мұратұлы, демалыс аймағының меңгерушісі:

- Және де бұл есептеуіш құралдың да бағасы арзан емес. Мысалы Ресейден алдырамыз «Меркурий» деген құрал 150-200 мыңның аралығында. Енді осыны ауыстырып, басқасын қояйық десек «жоқ сендер талап бойынша осыны қою керек» деген сияқты мәселені көтереді басшылары. Сондықтан мен ойлаймын, неге бұл Ресейдікін аламыз? Неге өзіміздің отандық өнімді неге қолданбасқа?! Мысалы «Сайма» деген, «Дала» , «Отан» деген есептегіш құралдар бар. Соларды неге қолданбасқа?! Арзан қол жетімді әрі сапалы.

Ал электр қуатымен жабдықтау компаниясы іске қосу ережелеріне сәйкес тұтынушы көлемі 40кВт-тан асқанда мәліметтерді ұзақ жадында сақтайтын есептегіш құралдарды орнату міндеттелетінін атап өтті. Бірақ нақты бір өндірушіні таңдауға кеңес берілмепті.

Константин Морозов, коммерциялық қызметтер басқармасының басшысы:

- Нормативтік талаптарға сәйкес және электр қуатын есептеу автоматтандырылған жүйесі үшін мәліметтерді тарату мүмкіндігі бар GSM модемі орнатылған құралдар алу қарастырылған. Бірақ есептеу құралдарын алуда қандай да бір өндіруші кәсіпорындардың өнімін алуға ұсыныстар берілмейді. Техникалық параметрлер туралы ақпараттар электр қуатымен жабдықтау жобаларында көрсетіледі. Оны құрумен басқа ұйымдар айналысады.

Құзырлы мекеме тұтынушыларға жобада көрсетілген талаптарға сай келетін есептеуіш құралдарды алу қажеттігін түсіндірді. Ал ондай бұйымдар Қазақстанда көп кездесе бермейтін көрінеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов