Волонтерлер Алматы маңында табылған 38 мысықты құтқарып қалды

Екі күн бұрын Алматы маңында табылған мысықтардың басым бөлігін аман алып қалуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір оларды ветеринарлық клиникада емдеп жатыр. Көбіне панлейкопения диагнозы қойылған. Бұл – қауіпті вирустық ауру. 40 градус ыстықта мысықтарды сусыз, тамақсыз кімнің айдалаға апарып тастап кеткені әлі белгісіз.

Еске сала кетейік. Осыдан екі күн бұрын 40 шақты мысықты әлдекімдер қорапқа салып қаладан шығаберіс жерге лақтырып кеткен болатын.

Жануарларға жасалатын қиянат азаймай тұр. Кеше әлеуметтік желіде жарияланған айдалаға тастап кеткен мысықтар туралы бейнетүсірілім қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды. Жануарларды қорғаушылар оларды құтқаруға асықты. Мысықтарды тастап кеткен жер «Алтын Орда» базарынан алыс емес болып шықты. Жедел жеткен белсенді топ өкілдері 38 мысықты құтқарып қалды.

Эльмира Муллаходжаева, Жануарларды  паналату орталығының жетекшісі:

- Мысықтар табылды. Жануарларға бей-жай қарамайтын адамдардың көп екеніне қуаныштымын. Балалар да, үлкендер де қолдау білдірді. Іздеу жұмыстары мен тасымалдауға тегін көлігін ұсынғандар болды. Табылған мысықтардың бәрін бірден клиникаға апардық. Алтауына бірден панлейкопения диагнозы қойылды. Бұл мысық обасы деген ауру.

Панлейкопения – бұл өте қауіпті вирустық ауру. Онымен адам ауырмайды. Бірақ мысық ауырса өліп қалуы мүмкін. Қазір табылған 38 мысықтың 20-сы ветеринарлық клиникаларда ем қабылдауда. Олар 40 градус ыстықта тамақсыз, сусыз қалғандықтан өте әлсіз. Ал, карантинге алынған 17 мысық үшін жануарлар құқығын қорғаушы Эльмира Муллаходжаева жеке үй жалдапты. Оған қарайтын адамы да бар. Волонтерлер мысықтарды әдейілеп апарып тастаған деп отыр.

Сергей Снегирев, «Nur Otan» партиясы жанындағы республикалық экологиялық кеңестің мүшесі:

- Тауып алған мысықтарды дұрыс қарайтын адамдарға берумен айналысатын топ бар. Бірақ шындап келгенде олар онымен шұғылданбайды. Бір-екі күн сатпақ болып базарларға баруы мүмікін. Өйтпесе осылай тастап кетеді.

Олар өз қызметтері үшін көп ақша алмайды. Мәселен бір мысықты орналасытырып беруге мың теңге ғана сұрайды. Содан кейін оның қандай жағдайда ұсталатынын бағамдай беріңіз. Алайда, әзірге бұл бизнестің алдын алу мүмкіндігі болмай тұр. Жануарлар құқығын қорғаушылар тез арада бұл мәселеге қоғамның назарын аудартпаса, жануарларға қиянат жасау жалғаса береді деп отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Эдуард Кон