423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Оралда шілде-тамыз айларында судың қысымы төмендеп кетеді

  • 161
  • UPD: 23:21, 27.07.2021

Орал қаласын ауыз сумен қамтитын 30 шақты ұңғыманың басым бөлігі жөнделіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тұрғындар тәулігіне шамамен 60 мың текше метрдей тіршілік нәрін тұтынады екен. Дегенмен, бұл көлем жеткіліксіз. Тұтынушы талабын толық орындау үшін әлі 10 мың текше метрге тарта су қажет.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Қала аумағы жыл санап ұлғайып келеді. Жүздеген көп қабатты тұрғын үй бой көтеріп, жаңа шағынаудандар пайда болды. Соған байланысты тіршілік нәрін тұтыну көлемі де айтарлықтай артты. «Ал, тіршілік нәрі ең көп тұтынылатын шілде-тамыз айларында судың қысымы төмендеп кетеді», - дейді тұрғындар.

Ольга Крюкова, қала тұрғыны:

- 4-ші қабатта тұрамын. Кейде судың қысымы тым төмендеп кетеді. Әсіресе, күндізгі уақытта және демалыс күндері қиын. Өйткені осы уақытта су тұтынатындар қатары көбейетін болуы керек. Судың қысымы көбіне жаз айларында төмендеп кетеді.

Қалаға қажетті тіршілік нәрі негізгі екі су көзінен жеткізіледі. Оның бірі Жайық өзенінен берілсе, қалған көлемді жеткізу ұңғымалар көмегімен жерасты су көздерінен алынады. Сумен қамтуға жауапты кәсіпорында сүзгіден өткен соң әбден тазартылып, тұтынушыға жіберіледі.

Арман Кенжебаев, сумен қамтушы кәсіпорын директорының орынбасары:

- Бұл саладағы мәселелерді «Жайықжылуқуат» және KEGOC компанияларымен бірлесіп шешетін боламыз. Яғни, бір жерлерде ыстық су жеткізуді азайтып, соның есебінен салқын судың көлемін ұлғайтамыз.

Былтыр қала тұрғындары Жайық өзені мен жерасты су көздері арқылы 16 миллилон текше метр су тұтынған. Қаланы сумен қамтушы кәсіпорын 109 мың абонентке қызмет көрсетеді. Соның 104 мыңы есептегіш құралдармен қамтылыпты. Тұрғындарға арналған тариф құны әр текше метрге 41 теңге 56 тиын. Бюджеттік мекемелер үшін 346, ал заңды тұлғаларға 268 теңге көлемінде бекітілген. Кәсіпорын өткен айда тиісті мекемеге тарифті көтеру жөнінде арыз берген.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

- Соңғы 2 жылда 5,1 миллиард теңге батыс су арнасына бөлдік біз. Оның басты бөлігі әрине, құбырларды ауыстыруға кетті. Бірақ субсидия да беріп жатырмыз. Тариф не үшін керек? Не біз жыл сайын 1,5-2 миллиард теңге беріп отыруға мәжбүр боламыз. Не біз тарифті сәл көтерсек, ол өз жұмысын ақтап отырады. Басқа қалалармен салыстырғанда бізде тариф өте төмен. Тек қана бюджеттік мекемелер арқасында немесе бизнес арқасында батыс су арнасының жұмысын тиісті деңгейде ұстап отыру мүмкін емес. Сондықтан тарифті көп емес, бірақ көтеруіміз керек.

«Ауыз сумен қамту мәселесін түбегейлі шешу үшін ең бірінші кезекте жерасты су қорын көбейту керек», - дейді сала мамандары. Сол себепті жаңадан 6 ұңғыма қазу жөнінде шешім қабылданды. Олар келер жылы падалануға беріледі. Қосымша резервуарлар салу да күн тәртібінде. Былтыр күзде жер асты су қорларындағы 18 ұңғыманы қайта ұңғылау жұмыстары басталды. Қазір 12-сі дайын. Бұл жұмыстарды тамыз айында аяқтау жоспарда.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы