425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақмола облысында қуаңшылықтан мал азығын дайындау қиынға соғып тұр

  • 150
  • UPD: 12:53, 28.07.2021

Ақмола облысында қуаңшылық салдарынан мал азығын дайындау қиын болып тұр. Ауылдықтар қорадағы малын сатуға мәжбүр. 

Айтуларынша, көк шөп  қурап кеткен. Сатып алайын десе өте қымбат.

Дамир Берікұлы, тілші: 

- Қазір аймақтағы дала көрінісі міне дәл осындай. Жылда күзге қарай қурайтын шөп, биыл шілде түспей сарғайып кетті. Тіпті қуаңшылық салдарынан ол өсіп те үлгірмеді. Ал бұл мал шаруашылығымен айналысатын кісілерге өте қиын болып отыр.

- Өзеннің қасындағы қамысты шауып жатырмыз міне...

Былтыр ғана ата кәсіппен шұғылданамын деп, қаладан арнайы ауылға көшіп келген Шыңғыс Қалижанов, биыл үлкен қиындыққа тап болғанын айтты. 1 млн теңге несие алып, 20 бас қоймен шаруашылықты қолға алған жас кәсіпкер енді малының біразын қайтадан сатуға мәжбүр. Айтуынша, азын аулақ төрт түліктің өзін бағу қазір оңай емес. Себебі жем-шөптің бағасы 3 есеге қымбаттап кеткен.

Шыңғыс Қалижанов, Заречный ауылының тұрғыны:

- Ана жолы бізге әкелген шөп басқа ауылдан. 15 мың рулоны, 13 мың рулоны. Ал ол қымбат. Малдың несі алтын боп шығады ғой. Қазір қыс бойы шығаруға малды. Ол қымбат совсем. Біз енді өзіміз жігіттермен қамыс шауып, қамыспен беріп жатырмыз пока. 

Азық тауып бере алмаған соң жергілікті халықтың да көбі қазір қолдағы малынан құтылуға асық. Ал осы ауылдың тұрғыны Руслан Шадиев шөп шабумен кәсіби түрде айналысатын елді мекендегі жалғыз азамат. Өзі де 10 шақты сиыр мен 100-ге жуық қой ұстайды. Ол да былтыр 6 млн теңгеге техникасын жаңартыпты. Енді биыл қырсыққанда шөп жоқ, деп налып отыр.

Руслан Шадиев, Заречный ауылының тұрғыны:

- Өткен жылы мен ең аз дегенде 500 орама шөп шауып едім. Одан қалды халыққа да әкеп бердім. Ал биыл небәрі 42 рулон ғана шөп жиналды. Енді не істерімді білмей отырмын. Маңайда мүлдем шөп жоқ. Малды сатып, азайтқаннан басқа амал қалмады. 

Еңбекқор азаматтың айтуынша, осы Заречный ауылының өзінен тұрғындар оған қазір бас-аяғы 1 мың орамаға тапсырыс берген. Ал биыл оны жинау мүмкін емес. Себебі даладағы өз бетінше шығатын өсімдікті былай қойғанда күтімі күшті екпе шөптердің өзі осы жылы жарытып өнім беріп жатқан жоқ. Ал жергілікті билік өкілдері мәселенің бар екенін білеміз және соны шешу мақсатында әр ауданда арнайы штаб құрылғанын айтады. 

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Сол штаб ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста қатысып, солар әр семьяны мониторить етіп жатыр. Кімнің жағдайы келеді, кімнің жағдайы келмейді. Сол жағдайы келмейтіндерге шабынды шөп беріп жатырмыз, лесфондтан беріп жатырмыз. Сосын меморандум құрастырып, үлкен шаруашылықтардың жерлерін шабуға рұқсат беріп жатырмыз. Ал тіпті ешқандай жағдайы жоқ, мысалы, зейнеткер адамдарға, оған енді үлкен шаруашылықтармен келісіп, сол бағасын төмендетіп, соларға шөп, сабан жеткізіп беруге жағдай жатырмыз қазіргі таңда.

Одан бөлек биыл егіннен қалған сабанды да халыққа тарату жағы қарастырылмақ. Жалпы аймақта шөптің қажеттілігі 1 млн тоннадан асады. Оның жартысы қазір жиналды. Сұранысты 100 процентке қамтамасыз етпесек те қара күзге дейін мал азығын барынша толықтыруға тырысамыз дейді жауаптылар. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы