Шымкентте қорғасын зауытына көршілес аймақты қоқыс басып барады

Қоқыс алаңынан көз ашпадық. Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының маңында экология мәселесі ушығып тұр.

Тұрғындардың айтуынша, мал өлексесі мен құрылыстан шыққан қоқыс қалдығы, үйдің маңын үйіндіге айналдырған. Жүк көлік жүргізушілерінің жүгенсіздігі, қауқары жетпеген, ашынған халық пен жауаптылар.

- Балаларды қараусыз қалдыра алмаймыз. Болмайды. Қорқамыз.

Абай ауданына қарасты Шардара көшесінің тұрғындарын күндіз жағымсыз иіс пен шыбын-шіркей мезі етуде. Ал түнде әдетке айналған қоқыс төгушілермен арпалысып әлек болады. Тәртіп бұзушылардың дені «Қоқыс тастама, айналаны ластама» деген көше тақтайшаларының жоқтығын алға тартады дейді.

Ақерке Сапарова, қала тұрғыны:

- Қанша біз арқасынан жүгіріп, күйеуімізбен қосылып ұрыссақ та бәрібір төгіп кетіп қалады. Полицияға да сол номерлерін жіберсек нәтижесі жоқ. Сол үшін шлагбаум ба, камера ма қойып берсе.

Ағынды су Қошқар ата мен Бадам өзені маңына жағалай орналасқан халықтың мәселесі бұл ғана емес. Балалар ойнайтын алаң жоқ. Сондықтан қоқысты қуыршақ етіп, жиі ауырады. Өзенге құмартып өлім құшқан қайғылы оқиғалар да орын алыпты.

Бану Ахметова, қала тұрғыны:

- Малдың өлігін де әкеліп тастайды. Жел болады үйімізге, есігімізге келеді. Алдымыз арық шығатын жеріміз осы жер. Бала-шағамызбен шығамыз, 5-10 минут қайтып кіріп кетеміз. Иіс деген айта алмаймын сұмдық.

Жергілікті биліктің инвестиция тарту мәселесі бұл маңды да қызықтырған сыңайлы. Келіссөздер сәтті жүзеге асса жақында су спорты дамып, қоқыс өңдейтін өндіріс ошақтары да салынуы мүмкін. 

Ғалымжан Ілиясов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:

- Біз осы сияқты орындарды мына жер Бадам өзенінің бойы бұл жерде қазір инвесторлар қарап жатыр, ниет білдірген азаматтар да бар. Осы жерде әжептеуір 30 га саябақ соғып, арасында адамдар демалатын кәсіпкерлік нысанына айналдыруға.

Биыл Шымкент қаласы аумағында қоқыстан көз ашпаған дәл осындай 36 орын анықталды. Бұл геопорталдың ғарыштық түсірілімі кезінде көрінді. Көрсеткіштің қуантқаны сол өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайған. Былтыр 88 орын тіркелген болатын. Заң аясында тәртіп бұзып, қала тазалығын ластаушыларға айыппұл мөлшері де қомақты. 

Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаменті басшысының орынбасары:

- ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 344-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға және шағын кәсіпкерлерге 100 МРП, орта кәсіпкерлікке 200 МРП, ірі кәсіпкерлерге 500 АЕК мөлшерінде айыппұл қаралған.

Қарапайым халық тазылықты жиі жүргізіп, тәртіпсіздерді алдын алса екен деп сұрайды. Бейнебақылау камераларын орнатып, мәселенің салдарымен емес, орын алу себебімен күрессін деп талап етеді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов