425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақмола облысындағы елді мекендерде төтенше жағдай енгізілді

  • 194
  • UPD: 18:18, 28.07.2021

Ақмола облысында дауылдан зардап шеккен Изобильное ауылы мен Бестөбе кентінде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланады.

Бұл туралы Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов мәлімдеді. Айтуынша, табиғи апаттың салдарын жою үшін осындай қадамға баруға мәжбүр. Өйткені бұл мемлекет қазынасынан арнайы қаржының бөлінуіне мүмкіндік береді. Ол үшін тиісті құжаттар қазір Әділет министрлігінде қаралып жатыр, дейді шаһар басшысы. Сондай-ақ ол табиғи апаттан зардап шеккендерге 116 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Изобильное ауылы мен Бестөбе кентінде екпіні қатты жел бірнеше әлеуметтік нысан мен 38 үйдің шатырын қиратып кеткен болатын. Одан бөлек бір трансформатор мен 40-қа жуық бағана құлаған. Қазір аталған елді мекендерде электр бағаналарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Еркебұлан Баяхметов, Степногорск қаласының әкімі:

- Өтемақы жақын арада төленеді. Ол үшін тұрғындар төтенше жағдайлар басқармасына арыз беруі тиіс. Жалпы әлеуметтік төлем 3 ай бойы жүргізіледі. Үйінің құжаты түгел емес азаматтар болса, осы уақыт аралығында қағаздарын дұрыстап алуына мүмкіндік беріледі. Қазір елді мекендерді тазартуға жеке компаниялар да атсалысып жатыр. Ал үйлерді бюджеттен қаржы бөлінген қалыпқа келтіруге кірісеміз.

Хабар 24 телеарнасы