423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ІІМ: Жыл басынан бері жалған құжаттарды сату бойынша 86 қылмыстық іс қозғады

  • 213
ІІМ: Жыл басынан бері жалған құжаттарды сату бойынша 86 қылмыстық іс қозғады Орталық коммуникациялар қызметі

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ІІМ мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша індетке байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше назар аударады.

Жалған ПТР тестілер мен вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдалану фактілері бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров мәлім етті.

Оның айтынша, жалған вакцинация паспорттарын және ПТР-анықтамаларды беру немесе қолдан жасау фактілері туралы ақпарат жинау бойынша ведомствоаралық арнайы жұмыс тобы  құрылды. Оған 7 мемлекеттік органның (ІІМ, ҰҚК, БП, СЖҚА, ҚМА, ДСМ, АҚДМ) қызметкерлері енді.

«Ішкі істер органдарының жедел және тергеу бөлімшелері жалған құжаттарды сату фактілерін анықтау бойынша әртүрлі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда. Жыл басынан бері полиция органдары барлығы 86 қылмыстық іс қозғады, оның 39-ы вакцинация паспорттарын және 47-сі ПТР-анықтаманы қолдан жасағаны үшін. Жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған», – деп атап өтті А.Заппаров.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарды мониторингтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған вакцинация паспорттарын немесе ПТР-анықтамаларды сату туралы 62 хабарландыру анықталды. Олар туралы ақпарат бұғаттау үшін уәкілетті органға (АҚДМ) жіберілді. Бүгінде бұлардың 29-ы бұғатталды. Осыған байланысты ІІМ сақтық шараларын ұстанып, заң бұзушылыққа жол бермеуге шақырады.

Хабар 24 телеарнасы