Ақмола облысында күніне 10 адам ковидтен көз жұмады – дәрігер

Ақмола облысында күніне шамамен 10 адам коронавирустан көз жұмады.

Өйткені өңірде індет өршіп барады. Науқастар саны өткен аймен салыстырғанда 3 есеге көбейген. Мәселен, маусымда тәулігіне ары кетсе 80 адамнан аталған дерт анықталса, қазір күніне 200-ден астам адам ковидке шалдығатын болған. Ал инфекциялық стационарлар 64 процентке толы. 100 шақты науқас қазір ауыр халде реанимация бөлімінде жатыр. Бұлай жалғаса берсе, басқа да ауруханаларды босатуға мәжбүр боламыз, – дейді дәрігерлер.

Айта кетейік, Ақмола облысы бір айға жуық қызыл аймақта. Ал қауіпті вирус жұқтырғандардың көбі Көкшетау және Степногорск қалалары мен Бурабай ауданында тіркеліп отыр.

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитар дәрігері:

– Отбасымен ауыратын жағдайлар көбейді. Бұрын үй карантинінде болған науқас, жақындарына аса қатты қауіп төндіре қоймаса, қазір жағдайдың ушығып бара жатқанын көріп отырмыз. Оның үстіне бұл, олардың отбасымен бірге көпшілік орындарға барғанын да байқатады. Бізде той немесе басқа да жиындар жасап, карантин талаптарын бұзатындар көп. Ал мұның арты қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін екенін уақыт көрсетіп отыр.