423,81 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жалған ақпарат таратқандар қалай жазаланады?

  • 243
  • UPD: 11:05, 29.07.2021

Жалған жаңалық, фейк ақпарат қай кезде де болған. Қазіргі пандемия кезінде тіпті көбейді.

Әсіресе, адамдарға екпе арқылы чип салу, бетпердедегі құрт сияқты ел ішінде дүрбелең тудырған жаңалықтарды қазақстандықтар әлі ұмыта қоймаған болар. Қазір әлеуметтік желіге жарияланған немесе отбасылық чатқа келген күдікті мәліметті stopfake.kz ресми сайтында тексеруге болады.

Александр Данилов, Stopfake.kz жобасының жетекшісі:

– Жалған мәліметтерді ғылыми түрде зерттеп, халықаралық ұйымдар мен құзырлы мекемелердің көмегімен зерттеу жүргіземіз. Біз қате жаңалықты немесе жалған болып көрінетін хабарламаларды тауып, тексереміз. Әлеуметтік желілерге мониторинг жасаймыз. Күніне 10 шақты фэйк –ақпаратты тексереміз.

Жоба жетекшісі Александр Даниловтың айтуынша, көп жағдайда фейк жаңалықтың дереккөзі болмайды. Ал болған күннің өзінде сілтеме жасалған мекеме немесе маман көбіне күдік тудырады. Жалған ақпарат таратушылар негізінен жалаң эмоцияға, еш ғылыми негізі жоқ жаңалық ашуға құмар дейді маман.

Ал астаналықтар ақпараттың рас-өтірігін қалай ажыратады? Оның анық-қанығына қаншалықты көз жеткізеді? Қала тұрғындарына осы сауалдарды қойып көрдік. 

Биыл халықты вакциналау жөнінде жалған ақпарат таратқандарға қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған. Қазір оның үшеуі бойынша тергеу жүріп жатыр. Елде мұндай заң бұзу дерегі анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі:

– Жалған ақпарат таратқандарға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Не болмаса, түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондай-ақ бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Жалпы жыл басынан бері  ел бойынша фейк ақпарат таратқандарға қатысты 43 қылмыстық іс қозғалған. Оның біреуі сотқа жолданды. Ал былтыр дәл осы кезеңде, яғни індет өршіп тұрған кезде 63  жалған мәлімет анықталған.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ерзат Зайтхан, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы