Солтүстік Қазақстанда халық жаппай малын сатуда

Маңғыстау мен Оңтүстік өңірлер тұрмақ солтүстіктегі ағайын да шөптен таршылық көре бастады.

Жаздың басында қатты ыстықтан көктің буыны қатпай қурап қалған. Енді мал азығы үш есеге қымбаттап шыға келді. Қысты ойлағандар қазір іздеп жүріп, ағаштың ішіндегі шөпті оруға мәжбүр.

Павел Калагин осымен төртінші жыл қатарынан шөп шабу науқанында жүр. Биыл шабындық іздеп, ауылдан 40 шақырымнан астам жерге кетіп қалған. «Мұның бәрі қыстан қысылмай шығудың амалы»,- дейді механизатор.

Павел Калагин, механизатор:

Мынадай бір орама шөпті былтыр 10 минутта жинап алатын едім. Қазір жоқ дегенде 15-20 минут уақыт қажет. Жүріс көп биыл. Сәйкесінше шығын да молынан. Енді барына қанағат деп жұмыс істеп жатырмыз.

Қыста қар молынан түсіп, солтүстік қазастандықтар жақсы өнім аламыз деп қуанған еді. Бірақ қатты ыстықтан қырдың шөбі күйіп, қуаңшылық орнады. Сондықтан тұрғындар қазір көк майса іздеп тау баурайында емес, сай-саланы кезіп ағаш біткеннің арасында жүр.

Қазір шаруалардың басым бөлігі орман жағалап кеткен. Өйткені бұл жердің шөбі шүйгін. Гектарынан шамамен 3 центнерден. Ал былтырғы көрсеткіш болса бұдан 3-4 есе артық болатын.

Білім Мұқатаев, агроном:

– Ауа-райы биыл өте қиын болды. Жаңбыр дұрыс болған жоқ. Шілденің ортасында ғана жауды. Дені дұрыс шөп шыққан жоқ. Ыстық болды. Енді 40-42 градусқа дейін барды. Сол бәрін күйдіріп жіберді. Қазір алыс болып тұр тасуға. Амал жоқ.

Амалы таусылғандар қазір малдарын да сата бастаған көрінеді. «Себебі төрт түлікті ұстау тиімсіз болып барады»,– дейді халық.

Ерік Байғожин, Петерфельд ауылының тұрғыны:

Шөп жоқ. Мал бағатын жер жоқ. Мына крестяндар да ауылдың түбіне дейін тақап жыртып тастаған бәрін. Сол қиыншылық. Қымбат. Шөп те, сабан да, жем одан да қымбат. Ауылшаруашылығы бәрі сондықтан малдарын сойып, сатып сөйтіп жатыр. Көбі мал ұстамайды. Шынын айтқанда, тиімсіз.

Былтыр бір бума шөп шамамен 3-4 мың теңге еді. Қазір оның бағы үш есе қымбаттап кетті. Шабындық болмаған соң, өңірде қазір шөп сататындар да жоқтың қасы.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов