Өндірістік ұжымдар жаппай вакцина алып жатыр

Батыс Қазақстан облысында 160 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.

Олардың жартысынан көбі екпенің екінші компонентін алып үлгерді. Аймақтағы ірі кәсіпорын ұжымдары белсенділік танытып келеді. Кейбір өндіріс ошақтарында жұмысшылардың 90%-інен астамы вакцина алған. 

Думан үш жылдан бері Оралдағы жиһаз зауытында оператор болып еңбек етіп жүр. Арнаулы білім алмаған. Кәсіпорынға келгеннен кейін тәжірибе жинақтап, қазір кәсіби маман болды. Зауытта жұмысшылар да, тұтынушылар да көп. Сондықтан қауіпсіздік басты назарда. Думан елде дерт дендеген уақытта бейжай қалмай, вакцина салдырды. Қазір бұрынғыдай қорқыныш жоқ екенін айтады.

Думан Нағиев, кәсіпорынның операторы:

Ауырған жоқпын. Жақсы қабылдадым. Ең бірінші өзіңнің қауіпсіздігің үшін ғой. Сосын ортаңдағы адамдардың қауіпсіздігі үшін. Алмаған адамдарға алуға кеңес беремін.

Бұл кәсіпорын еліміздегі ең үлкен жиһаз зауыты. Мұнда мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс орнында шығарылған тауарларға сұраныс жоғары. Республиканың барлық аймағымен қатар, Ресей, Армения, Қытай, Түркия елдеріне де экспортталады. Ішкі және сыртқы нарықта қызу жұмыс жүріп жатқандықтан, әрбір еңбеккердің рөлі мен денсаулығы маңызды. Олар күн сайын жүздеген бөгде адаммен байланыста болады. Сондықтан ұжымның шамамен 95 проценті індетке қарсы екпе салдырып үлгерген. Бұл көрсеткіш – жергілікті кәсіпорындар арасындағы жоғары нәтиже.

Михаил Пшеничный, кәсіпорынның бас директоры:

Мен адамдарды жаппай вакциналау дұрыс деп ойлаймын. Қатерлі дертті қоғам болып жеңуіміз керек. Біздің ұжымда басында біразы жүрексінгені рас. Медициналық қызметкерлер кәсіпорынға келіп, жұмысшылармен кездесулер өткізді. Түсінік жұмыстарынан соң өз еркімен екпе салдырғандар үлесі күрт артты. Біздің фабрикада осыған дейін ешкім індет жұқтырған жоқ. Дегенмен барлығы сақтық үшін осындай шешім қабылдап жатыр.

Нан өнімдері камбинатында да вакциналау науқаны қарқынды. Өз еркімен екпе салдырғандардың бірі Динара Кәрімова дертке қатысты үрей мен күмәннен арылғанын жеткізді. Тәжірибелі маман кәсіпорында 11 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол қамбадағы бидай мен өндірілген ұнның сапасына жауапты. Ал ірі камбинаттың нан өнімдері жүздеген дүкеннің сөресі мен мыңдаған шаңырақтың дастарханында тұрады. Тиісінше өндіріс орнында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескермеуге мүлде болмайды.

Динара Кәрімова, кәсіпорынның зертхана маманы:

– Өзімнің, жанұямның, әріптестерімнің және барлық тұтынушылардың денсаулығын ойладым. Нан өнімдері күнделікті тұтынатын ең қажетті тағам. Ал оны біз өндіретін болғандықтан, барынша сақ болуымыз керек.

 Бұл комбинатта 225 адам еңбек етеді. Тәулігіне 20 тонна макарон, 260 тонна ұн өндіріледі. Өнімдер жергілікті нарыққа және Ресей, Өзбекстан елдеріне шығарылады. Кәсіпорын аймақта алғашқылардың бірі болып вакциналау науқанына қолдау көрсеткен еді. Бүгінде екпе алғандардың үлесі 90 проценттен асты.

Жанна Батарғалиева, Кәсіпорынның кадр бөлімі маманы:

– Кәсіпорын жұмысшыларының 195-і вакцина салдырды. Ал қалған адамдар денсаулығына байланысты салдыра алмады. Пандемия кезінде өндіріс қуаты төмендеді. Табыс көлемі де азайды. Ал дағдарыстан шығып, жұмысты одан әрі жандандыру үшін еңбек күші мен олардың денсаулығына басым бағыт берілді. Қазір ұжымдық иммунитет қалыптастырып, табысты еңбек етіп жатырмыз.

Аймақта ірі кәсіпорындар жетерлік. Әрбір зауытта кемінде жүздеген адам табыс тауып жүр. Еңбек ұжымдары дертке қарсы қоғам болып жұмылуды жөн көріп, жаппай үлес қосып жатыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов