Нұр-Сұлтанда Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіпкерлік нысандар жұмысы тоқтатылады

Елордада 2200-ден астам кәсіпкерлік нысан Ashyq қосымшасын енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпараттық жүйе карантин талаптарын қатаң сақтауға көмектеседі.

Таяуда жабық сауда орындары да осы құралды қолдана бастады.

Енді Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіпкерлік нысандар жұмысы тоқтатылады. Жаңа қаулы 2 тамызда күшіне енеді. Жабық сауда орындарының алды жаңашыл жүйеге көше бастады. Құрылыс заттарын сату нысандары да осы талапты орындауға міндетті. Келушілерді тек қосымша арқылы тексеріп, кіргізеді.

Нұрлан Нұрмағамбетов, сауда орнының директоры:

- Кіреберістерде күзет қызметкерлері, әкімшіліктің адамдары осыны атқаруда. Мүмкін емес, «Ашықсыз» кіргізу. Таңертеңнен бастап қызметкерлер тексерілуде. Олардың 90%-і вакцина алған.

Жүйе енгізілген 2 күннің ішінде қызыл және сары мәртебесі бар бірнеше адам анықталды. Оларға әкімшілік шара көрілуі әбден мүмкін еді. Бірақ күзетшілерде мұндай құқық жоқ. Сондықтан тек ескерту жасаумен шектелді. Дегенмен, сауда орнында маска тағып, арақашықтық сақтау қалыпты нәрсеге айналған. Ал «Ашық» қосымшасын қолдану қатаң тәртіп саналады.

Блиц:

- Ыңғайлы, дұрыс, қауіпсіз. Еркін жұмыс істеуге. Сатып алуға да жақсы.

- Әрине, сақтайды. Күзет онсыз кіргізбейді.

- Бірінші кезекте өзіміз үшін. Осы жерде әдеттегідей біз секілді жұмыс істейтіндер үшін жақсы.

Жүйе алдағы уақытта жабық санаттағы тағы 18 базарға енгізіледі. Осы күні олардың төртеуі «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, тиісті құжаттарын рәсімдеп үлгерген.

Қуанышбек Мұқаш, «Атамекен» қалалық кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары:

- Қазір 15 өтінім қарастырылып жатыр. Болашақта бәрі алып үлгереді. 2 тамыздан бастап бізде шектеулер енгізіледі. Базарлар, үлкен сауда орталықтары «Ашыққа» кіреді деп сеніп отырмыз.

Ұлттық кәсіпкерлік палатасы бұл қосымшаны бастапқыда тек тамақтану орындарына қолданды. Енді жаппай енгізуге кірісті. Елорда бойынша 2200-ден кәсіпкерлік нысан осы қосымшамен жұмыс істейді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Сұлтанғазы