Панфилов ауданындағы 12 ауылдық округте ауыз су жүйесі ескірген

Алматы облысы Панфилов ауданының елді мекендеріндегі ауыз су құбырының тең жартысы ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті кейбір ауыл халқы су мұнарасын өздері жөндеп алған. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындармен арна тілшісі тілдесіп қайтты.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қырыққұдық ауылындағы көп қабатты үй тұрғындары 40 жылға жуық осылай күн кешіп келеді. Елді мекенде тіршілік нәрі күніне екі сағат қана беріледі. Оның өзінде су алу үшін біраз уақыт кезекте тұру қажет.

Дина Сарманова, Қырыққұдық ауылының тұрғыны:

- Біз екінші қабатта тұрамыз. Оған су тасу өте қиын. Ел қатарлы кір жуатын және ыдыс жуатын техниканы пайдаланып өмір сүргіміз келеді. Су жоқ болғаннан өркениет игілігінен қағылып отырмыз. Дәретханаға да сыртқа шығамыз. Балкон жағымда 18 қажеттілік орны тұр.

Ауыз су мәселесін көтерген тұрғындар «бармаған жеріміз қалмады» деп отыр.

Анна Асамдинова, Қырыққұдық ауылының тұрғыны:

- Аудандық әкімдікке барғанбыз. Олар уәде берумен келеді. Бірақ орындамайды. 40 жылдан асты суға зәру болып отырмыз. Берілгенде үлгерсек үлгердік, әйтпесе, көршіден аламыз.

Елді мекенге су құбыры 1970 жылдары жергілікті зауыт жұмыс істеп тұрғанда тартылған. Содан бергі елу жылда жөндеу көрмегеннен әбден ескірген. Қазір тұрғындар тіршілік нәрін өздері жөндеп алған жалғыз мұнарадан алады. Оны басқарып отырған кәсіпкер электр энергиясын үнемдеу үшін суды белгілі уақытпен ғана береді. Әйтпесе, шығынға батады. Нәдек ауылындағы жағдай да осыған ұқсас. Су тоқтаусыз берілгенімен жүйенің тозығы жеткен.

Бақыт Баекенов, Нәдек ауылының тұрғыны:

- Жаңбыр жауса, лай су ішеміз. Ана құм, бәрі келеді. Бала-шаға бар. Жаңадан кәдімгідей есептегішін тартып, тұнық су ішкіміз келеді.

Арман Тазабеков, Панфилов аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

- Ол жердегі мәселеден бәріміз хабардармыз. Қазір Алматы облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына осы Қырыққұдық ауылына ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға және құрылысын салу жұмыстарына ЖСҚ жасауға бюджеттік өтінім бердік. Жақын арада қаржы мәселесі шешілсе, жобалау-сметалық құжаттарын жасаймыз. Аудан бойынша 40 елді мекен бар. Оның қаламен қосқанда 20-сында реконструкция және қайта жөндеу жұмыстары атқарылған.

Панфилов ауданындағы 12 ауылдық округте ауыз су жүйесі жөндеуді қажет етіп тұр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев