Ұлы Отан соғысынан қайтпаған тағы бір қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

Араға 80 жыл салып Ұлы Отан соғысынан қайтпаған тағы бір қазақ жауынгерінің сүйегі табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Серік Смайылов 1943 жылы 22 жасында майданға аттанады. Бірақ көп ұзамай оның туыстарымен байланысы үзіледі. Артында қалған жалғыз қызы батыр әкесін өмір бойы іздейді. Тек биыл ғана Амантай Серікова әкесінің зиратын тапты. Жауынгердің денесі Ресейдің Белогородск облысында бауырластар зиратына жерленген екен.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Бұл фотосуретке Серік Смайлов майданға кетерден бір ай бұрын, 1942 жылдың жазында түскен. «Әкемнен қалған жалғыз естелік осы сурет», - дейді Амантай Серікова.

Ол әкесі майданға аттанғанда анасының құрсағында қалыпты. Ес білгелі ұрыс даласынан оралмай қалған әкесін іздеумен болған. Майданнан хат соңғы рет 1943 жылы келген. Бірақ ол да сақталмапты.

Амантай Серікова, Серік Смайыловтың қызы:

- Менің әкем жас болған ғой енді, сол 20-дағы кездері екен. Сонда жаңағы Ысқақ атамыз «ойбай, мына баланы тезірек үйлендірейік, бір тұқым алып қалайық» деп жүгіріп жүріп ауылдан қыз іздепті. Содан бұл кісі де соғысқа аттанып кетіпті. Әкем кетіп бара жатып, шешеме тапсырып кетіпті, жалғыз шешесі болған әкемнің. «Аман-есен босансаң не Амантай ғой не Аманай қой» депті.

Соғыстың зардабын тарта жүріп бойжеткен Амантай апа Киров университетін бітіріп, ұзақ жылдар мектепте сабақ береді. Комсомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істейді. Тұрмысқа шығып, бес баланы өмірге әкеледі. Алайда арада жылдар өтсе де, әкесі жайлы бір хабар болар деген үмітін үзбейді.

Мұрат Өтемісов, Серік Смайыловтың жиені:

- Бірнеше жыл бұрын мен Мәскеуде тұрғанда атамның дерегін іздей бастадым, Ресейдің қорғаныс министрлігіне ресми өтініш жасап, сол жерден Сарысу әскери комиссариаты шақырған Смайылов Серіктің 1942 жылы Белогородск облысы Шебекин ауданы Безлюдовка ауылында жерленгені туралы жауап келді. Мәліметтерде атамның әйелінің аты Бәдилә жазылыпты. Ол менің нағашы апам. Сондықтан атамды тапқанымызға күмәніміз болмады.

Серік Смайылов Сталинград түбіндегі ұрысқа, сонымен қатар Курск шайқасына қатысқан. Сол жерде ерлікпен қаза табады.

80 жылдан соң әкесінің дерегін тапқан Амантай апа биыл 22 маусым немерелерімен және ұлымен бірге батыр әкесінің бейітіне зиярат етті. Айта кетейік, Серік Смайылов пен танымал актер Асанәлі Әшімовтың аталары бір туған.

Асанәлі Әшімов, актёр, Қазақстанның еңбек ері:

- Үш ағайынды, екеуі жаңағы белгісіз болып кетті де, Серік топырағы табылып, жақында алып келіп, өзі тіріліп келгендей қуанып сол. Сол мешіттің қасына ешкімге рұқсат бермей, мен сол жерге қойғыздым. Мешіттің ішінде. Топырағы белгі ретінде. Мешіттің пірадары Ысқақтың өкіл баласы болатын ол. Қолында тәрбиеленген.

Қазір Амантай апа бес баласынан тараған 14 немересін тәрбиелеп отыр. Оларға батыр аталары туралы айтудан жалыққан емес.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әсем Кощегулова, Әбен Нарынбаев