Ақтөбе облысында жасыл желекті жұлдызқұрт жайлап алды

Ақтөбе облысында жасыл-желекті жұлдызқұрт жайлап алды.  Бес бірдей ауданнан зиянкестің ошағы табылды. Бау-бақша отырғызған жүздеген шаруа шығынға батамыз -деп алаңдап отыр. Себебі көк талғамайтын зиянкес жолындағыны жайпап келеді.  

Мансұр Есқожин, тілші:

- Осыдан үш күн бұрын бұл алқап жайқалып тұрған болатын. Егілген болгар бұрышы әбден пісіп, тек жинау ғана қалған еді. Алайла шаруалар үлгере алмай қалған. Себебі жәндіктер жапырағы мен сабағын айтпағанда бұрыштың өзін мынадай шұрық-тесік етіпті. 

Шаруа қожалығы биыл 17 мың гектар жерге көкөніс еккен. Бұрыш,  қияр мен қызанақ, қарбыз - қауын, сәбіз, картоп, қызылша, бәрі бар. Алайда жаздың бел ортасынан асқанда алқапты жұлдызқұрт жайпап тастапты. Пісіп жетілмесе де, жұмысшылар күні-түні өнім жинауға кіріскен. Бірақ зиянкестер үлгертпей жатыр.  Санаулы күн ішінде алқаптың 30 процентке жуығы жарамсыз күйге жеткен. 

Нұрболат Айтжанов, шаруа қожалығының иесі:

- Кеше кешкілік уладық, кешкілік қарап құрттар өліп жатыр еді. Енді бүгін қайтадан жүр міне. Қарбыздың үстінде жүр. Ішіне де кіріп жатыр. Мына жағы жап-жасыл сол күйінше. Мынау 15 келі шығатын қарбыз міне. Ең алды 15 келі, арты 8-10 келі. Кеше уладық осыны. Күн ысыған сайын құтырып жатыр.

Мамандар шалғынды көбелектің ылғалды әрі ыстық мезгілде көбейетіндігін айтады.  Ақтөбенің биылғы ауа-райы зиянкестер үшін өте қолайлы боп тұр. Сәйкесінше, өңірдің көптеген ауданында ошақтары анықталған. Бүгінге дейін шамамен 8 мың гектар жерге залал келді. 

Бақытғали Шайхиев, ҚР АШМ Облыстық аумақтық инспециясы басшысының орынбасары:

- Қарғалы ауданында 1200 га, Мәртөк ауданында 4 мыңнан аса га, Алғада 300 гектарда, Мұғалжарда - 200га, Хромтауда - 150 га. жер қоныстануы және таралуы анықталып отыр осы шалғынды көбелектің.

Шенеуніктердің сөзінше, қожалықтар жұлдызқұртты өз күшімен улауға міндетті. Тек мемлекет қорындағы 2 600 гектар жер бюджет есебінен зарарсыздандырылады. Шаруалардың химиялық препаратқа жұмсаған қаражатының жартысын субсидиялау қарастырылған. Алайда, ескеретін жайт бар. Жұлдызқұртқа қарсы қолданылатын пестициттер жануарлар үшін өте қауіпті. Сондықтан авиацияның көмегімен жаппай улауға болмайды. Тек ошақтарын ғана қамтыған жөн. 

Исатай Еспағанбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Тиісті белгілер қойылатын болады. Сонымен қатар әкімдер, жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне бұл жұмыстар тапсырылып, солардың бақылауымен жүргізілетін болады. Әрине бұл өте зиянды препараттар. Пестициттер. Сондықтан оны қауіпсіздік шараларын алған жөн болады.

Фитосанитариялық қызмет мамандарының айтуынша шалғынды көбелек өңіріне 8-10 жылда бір пайда болады екен. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков