Жамбыл облысындағы Степной ауылдық округін қуаңшылық қыспаққа алды

Жамбыл облысындағы Степной ауылдық округінде шаруаларды қуаңшылық қыспаққа алды. Каналдан келетін су тоқтап, егістіктер қурап жатыр. Фермерлердің айтуынша, су жіберу тәртібінде жүйе жоқ. Әкімдік пен кәсіпорын басшылығына шағымданмен нәтиже болмай тұр. 

Шаруалардың шарадай басы шақшадай болды. Төккен тер текке кетіп жатыр. Судың жоқтығынан егістік алқаптарының біразы қурап қалды. Салдарынан фермерлер әбден шығынға батып отыр. Олар суландыру жүйесі реттелмегенін айтады.

Бекен Картанбаев, шаруа

- Міне бізде су осы. Келісім-шарт жасаған, бірақ су келмейді. Полялардың жартысы күйіп кетті. Қанша ақша салдық, оны кім қайтарады енді? Мына жерде суды распределять ететін мираб келу керек қой. Мирабтың өзі жоқ. Ауданның «Суводхоздан» бір адам жоқ, мысалы. 

Фиркат Қасымов, шаруа:

- Әбден шығынға ұшырап отырмыз. Талай мекеменің табалдырығын тоздырдық. Алайда ешқандай нәтиже жоқ. Ешкім суландыру жүйесін бақыламайды. Тек бір рет су келді. Одан кейін жағдай нашарлап кетті.

Таңқаларлығы, «Правая ветка» каналының ортасында су бар, ал бері қарай арна құрғай береді. Шаруалардың айтуынша, егістік алқаптарын суландыру мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп келеді. Олар билік өкілдерінің жыл сайын беретін құрғақ уәделеріне тойғанын жеткізді. Егер түйткіл тарқатылмаса агроқұрылымдар құрдымға кетуі мүмкін. Фермерлер жауапты кәсіпорын басшысымен көзбе-көз жүздесудің өзі мұң болғанын айтады. Олар су шаруашылығы мекемесінің өкілімен біздің түсірілім кезінде ғана бір-ақ кездесті. Сала маманы суландыру жүйесінің Қырғызстанға тәуелді екенін айтып отыр. 

Асқанат Қадыров, «ҚАЗСУШАР» РМК облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Су айналымы бар. Суландыру жүйесі Қырғызстанмен тікелей байланысты. Ол елде түнде бөгет қойылады. Сондықтан осындай келеңсіздік туындап жатыр. Қырғызстаннан біз секундына 11 текше метр су аламыз. Ал кесте бойынша 22 текше метр алуымыз керек. Яғни көктемнен бері тиісті мөлшердің тек 50%-ін ғана алдық. Мемлекетаралық келісім көрші елдің тарапынан сақталмай жатыр. Өйткені ол жақта да су жетіспейді.

Көңілі күпті шаруалар сала маманының сөзімен келіспейді. Олар Степное ауылына облыс әкімі аяқтай келіп, жағдайды көзбен көргенін күтіп отыр. Уақыт сырғып жатыр, ал егістік қурап барады.