Күріш бағасы қымбаттауы мүмкін

 

Қызылордада күріш қымбаттауы мүмкін.

Су тапшылығы салдарынан егіс көлемін едәуір қысқартқан сырбойлық шаруалар дақылдың әр келісі 400 теңгеден сатылмаса, шығынға белшеден батамыз деп отыр. Ал қазір аймақтың сауда сөрелерінде күріштің келісі 220 теңге шамасында сатылып жатыр. Диқандардың  қазіргі бар уайымы егінін күйдіріп алмау. Сол үшін тіршілік нәрін тартатын қондырғылар орнатып, кезектесіп суару кестесіне көшті.    

Аймақтағы күріш егетін 550 шаруашылық құрылымы су тапшылығына байланысты мың жарым гектар алқапты қысқартуға мәжбүр болған. Мәселен Қармақшы ауданындағы агросеріктестік өткен жылмен салыстырғанда 700 гектарға аз егіп отыр. Соның өзінде 70 гектардай егістікке су көтерілмей егін күйіп кеткен. Диқан қауымы жығылғанға жұдырық болып, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер және тыңайтқыш қымбаттап кеткенін айтады.

Сәбит Пірманов, агросеріктестіктің бас маманы:

– Бұрын күріштің өзіндік құны 80-90 тг баратын. Қазір 170-180 тг жақындап қалды. Бұл шығынды да жаппай тұр. Сол үшін күріштің бағасы бізге 400 тг кемі кем деп ойлаймыз.  

300-дей тұрғынды жұмыспен қамтитын шаруашылық 3-Интернационал ауылының абаттануына елеулі үлес қосып келеді. Бірақ биыл әлеуметтік жауапкершілікке бөлінетін қаржыны едәуір қысқартуға мәжбүрміз дейді агросеріктестік басшылары.     

Сәбит Пірманов, агросеріктестіктің бас маманы:

– Ауылдың тазалығына байланысты ТКШ мекеме аштық. Оның өзінде 26 адам жұмыс істейді. Олардың айлығы кемінде 100 мың тг. Сол кезде айына біз 2 млн 600 мың тг төлеп отырмыз. Ауылдың аз қамтамасыз етілген отбасыларына көмек беріп, үйлерін бұзып, жаңадан салып беріп жатырмыз. Соның бәрі күріштен шыққан пайдадан істейміз. Оның үстіне девидентті көбейтеміз деп едік, оның өзі ойландырып жатыр.

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік қатарына кіретін күріштің шекті бағасын мемлекет белгілейді. Аймақта агротауарлар құнының өсу индексі республикалық көрсеткіштен бір жарым процентке төмен болып отыр екен. 

Жүсіпбек Әжібеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

Шекті бағасы бойынша күріштің бағасы 275 тг болып белгіленсе бүгінгі таңда сауда орындарында күріштің бағасы 220 тг сатылуда. Жыл басынан бері 15 жәрмеңке өткізіп, 500 тоннадан астам азық-түлік өнімдері 15-20% төмен бағада сатылды. Бүгінгі таңда облыста күріш қоры жеткілікті. Баға тұрақты шамада болады деп есептеп отырмыз.

Өткен жылы аймақтың егінші жұрты әр гектардан орта есеппен 60 центнер күріш алған. Қуаңшылықтан әбден қысылған шаруалар күзде қамбаны астыққа толтыра аламыз ба деп алаңдаулы күйде күн кешіп жүр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Сондай-ақ...