Қостанайлықтар құрғақшылықтан құтқаратын технологияны меңгерді

Қостанай облысында биыл құрғақшылық кесірінен егістің 20 проценті күйіп кетті.

Әсіресе, оңтүстік аудандардың шаруаларына қиын боп тұр. Алайда заманауи технологияларды қолданудың арқасында, егіні бітік шыққан шаруашылықтар да бар.

Облыстың оңтүстігіндегі Аманкелді ауданының аумағындағы егіс алқабының қазіргі көрінісі осындай. Ширек ғасыр егіншілікті кәсіп еткен Жоламан Тапаев мұндай қуаңшылықты алғаш рет көріпті. Мамыр айында еккен бидайдың дәні жоқ, бос қауыз ғана. Құрғақшалыққа төзімді деген тұқымның өзі биылғы аптапқа төтеп бере алмапты.

Жоламан Тапаев, шаруа:

58 күн өтті, әлі бір тамшы тамған жоқ. Бұлт келеді, жел қуып кетеді. Жаңбыр болған жоқ. Сақтанған ылғалмен өсіп тұр. Жердің ауа райына бейімделген Омский-29 дейді. Ол жыл сайын егіліп жүрген тұқым осы жерге. Өткен жылы осы тұқым 7 центнерден берді. Биыл жеті түгіл үштің өзін ала аламыз ба,оны да білмейміз.

Биыл облыс бойынша 4 млн гектарға жуық алқапқа бидай егілген. Соның 40 пайызының жағдайы осындай. Яғни шығымы өте төмен немесе мүлде күйіп кеткен. Ал мынау Меңдіқара ауданының аумағындағы егіс алқабы. Диқандар бұл жерден биыл гектарынан 30 центнерден өнім жинаймыз деп отыр. Себебі мұнда дәні топырақ астында қыстап шығатын бидайдың ерекше түрі егілген.Өзге де өңірлердегідей екі ай бойы көктен тамшы тамбаса да, бұл алқапта бидайдың бітік шығуының сыры осы. Тамызда егілген тұқым суық түскенше тамырлап үлгереді. Одан кейін үстіне минералды тыңайтқыш себіледі, қыста жауған қар нығыздалып тапталады.

Валерий Яновский, Бас агроном:

– Бұл бидайдың жер астындағы тамырын көктемгі ызғырықтан қорғайды. Себебі тапталған қар бос қарға қарағанда бір апта кейін ериді. Күн жылығанда тамырланып дайын тұрған өскін тез көктеп шыға келеді.

Биыл бұл шаруашылық қысқы бидайды 3 мың гектарға жуық жерге еккен. Жиналған өнімнің бәрі тұқым ретінде пайдаланылады. Себебі әр жылдары құрғақшылықтың кесірінен шығынға батып жүрген шаруалардың бидайдың осы түріне деген қызығушылығы артып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг