Орман өрті Мармарис пен Бодрум қалаларына қауіп төндіріп тұр

Түркияның Манавгат қаласы маңындағы орман өрті бақылауға алынды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы осы елдің орман және ауылшаруашылығы министрі Бекир Пакдемирли мәлімдеді. Бірақ жалын  толық сөндірілген жоқ. Қазірге дейін осы қала орналасқан Анталия провинциясындғы 18 ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Сонымен қатар, оған көрші Адана мен Мерсин аймағындағы 16 ауылдың халқы да эвакуацияланды. Табиғат апатынан 4 адам көз жұмып, 200-ге жуық тұрғын зардап шекті.

Еске сала кетейік, өткен күндері Анталия провинциясындағы Манавгат курорттық қаласы маңында орман өртеніп, 3 адам қаза тапты. 180-нен астам адам жарақат алды. Билік бұл шаһар маңындағы өрт бақылауға алынғанын айтады. Бірақ жалын толық сөндірілмеген. Өртті ауыздықтауға Ресей қол ұшын беріп, үш ұшақ аттандырған. 

Мехмет Томрук, тұрғын:

ؘ– Орманның жанып жатқанын түнде біліп көрші қолаңды ескерте бастадық. Бірақ жалын ауылға көзді ашып жұмғанша жетіп келді. Полиция тездетіп қауіпсіз жерге көшуді сұрады. Жалыннан үй-жайымызды қорғамақ болып едік түк те шықпады.

Манавгат қаласы маңындағы өрт бақылауға алынғанмен осы елдің оңтүстік-батысындағы Мугла аймағында орман өрті шығып, Мармарис пен Бодрум қаласына қауіп төндірген. Осыған байланысты қос қаладағы қонақ үйлерден адамдарды эвакуациялау басталды. Жапа шеккендер туралы ақпар жоқ.

Жалпы осы ел билігінің хабарлауынша, соңғы екі күнде Түркияның Эгей және Жерорта теңізі аймағындағы 21 провинцияда 60-тан астам орман өрті тіркеліп, оның 43-і ауыздықталған. 21 жерде өрт сөндіру жұмыстары әлі жалғасуда. Тілсіз жаумен 4 мыңнан аса өрт сөндіруші күресіп, 400-ден аса техника, 35 ұшақ пен тікұшақ қолданылып жатыр.  

Бекир Пакдемирли, Түркия орман және ауылшаруашылық министрі:

– Өкінішті, қазір ел аумағында көптеген орман өрті тіркелген. Лаулаған жалынды сөндіруге бар күшімізді салып жатырмыз. Оларды бақылауға алу үшін біраз уақыт қажет.

Ал ресми мәліметке қарағанда қазір Түркияның Адан провициясында 6 өрт ошағы, Анталия мен Мерсинде 4, Османияда 3, Муглада 2 орман өрті сөндірілмеген.  Өрттің неден шыққаны белгісіз. Бірақ билік от қасақана қойылған деген болжамды жоққа шығармайды. Аптап ыстық та себеп болуы ықтимал. Өйткені өңірде сынап бағанасы 40 градустан төмен түспей тұр.

Сондай-ақ...