Алматыдағы Ақжар ықшам ауданының тұрғындары суды тасып ішіп отыр

Ондағы жұртшылықтың жаз шыға көрген күні осы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл биыл ғана емес, бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Мұнда сонау қара күзге дейін су ақпайды. Себебі Ақсай өзенінде орналасқан су сүзгіш станция ескірген.

Әсел Әлімханның Ақжарда тұрып келе жатқанына 15 жылдан асыпты. Соңғы 10 жылда осы. Су бірде бар. Бірде жоқ. Осы уақыт ішінде түбегейлі шешетін уақыт болды емес пе дейді. Қазір ықшам аудан халқының саны 20 мыңнан асып кеткен. Жаз шыға әкімдік ондағы жұртшылыққа су тасып әлек болады.

Әсел Әлімхан:

– Үш күнде бір келеді. Оның өзін әкімдікке хабарласып шақырамыз. Жылда осылай, 3 ай болды, су жоқ. Біз айына 3700 теңге төлейміз. Қыста болады, күн қалай жылына бастайды, су келмейді.

Ондағы тұрғындардың айтуынша, үлкен көлемді ыдыстарды толтыртпайды. Тіпті кейде әкімдік өкілдері кімнің қанша су алатынын бақылап жүреді екен. Ал мұндай жағдайда бау-бақша туралы айтудың өзі артық.

Тұрарбек Секербеков, қала тұрғыны:

– Қандай бау-бақша, ішетін су жоқ болса. Екі үш күнде бір жалынып, әрең дегенде алдырамыз. Күніге әкеп тұрса да ештеңе жоқ еді. Мына ауру бір жағынан қысады, су бір жағынан қысады.

Көктем мен күзде су тіптен лайланып кетеді. Ішінен құрт-құмырсқадан бастап, күл-қоқыстың бәрін табуға болады. Оны тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп алыпты. Әкімдік бұдан хабардар. Бұл мәселе тек су сүзгіш станциясының құрылысы аяқталғанда ғана шешіледі дейді.

Өркен Қодаров, Наурызбай аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

– Қазіргі таңда аталған су су құбырларының басы Ақсай өзенінен тікелей су сүзгісі арқылы алынып жіберілетін. Ол Іле Алатау ұлттық паркінің жерінде орналасқандықтан қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтті. Жылдың аяғына дейін толық құжаттар аяқталса, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады деген кестеміз бар.

Әкімдіктің жоспары осындай. Бірақ әбден судың зары өткен тұрғындар оған сенімсіз. Ал әзірге аптап ыстықта көшеге шығып, су таситын көліктің жолын тосудан басқа амалдары жоқ.

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев