«Ashyq көшбасшысы» мәртебесін алғандар қосымша жеңілдіктерге ие болады

«Ashyq» жобасының алғашқы көшбасшылары анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тізімдер қала әкімдіктерінің сайттарында жарияланған. Енді «Ashyq көшбасшысы» мәртебесін алғандар келушілер саны мен жұмыс кестесі бойынша қосымша жеңілдіктерге ие болады. 

Бұл мекемеге тұрғындар «Ashyq» жүйесі енгізілгелі тек QR код арқылы кіреді. Әр келуші кодты сканерлеуді әдетке айналдырған. Бұл «Ashyq көшбасшы» мәртебесін алуға мүмкіндік берді. Соның арқасында кәсіпкердің бизнесі де орта жолда қалмады. Қайта «Ashyq» арқылы сенімді бола түсті.

Гүлбану Майғарина, компания директоры:

– «Ashyq-тың» тәртібімен жұмыс істеп, талапқа бағынғандықтан, бұл жүйе «көшбасшыларына» жеңілдіктер жасамақ. Яғни «Ashyq-пен» біз жұмыс күндері қалыпты жұмыс істей аламыз деген сөз. Себебі бизнесті тоқтатпас үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, тек «Ashyq» арқылы қызметімізді жалғастырамыз. Ал демалыс күндері жұмыс істеу туралы ұсынысымыз әлі қаралып жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың былтырғыдан да қиын екенін айтты. Тіпті, өңірлердегі ауруханаларда орын жоқтың қасы екенін бұдан бұрын да айтқанбыз. Бірқатар аймақта карантин күшіне қайта мінді. Бұл кәсібін дөңгелеткен бизнестегілерге оңайға соқпайтыны белгілі. «Ashyq» жүйесімен жұмыс істемейтіндерге «жығылғанға жұдырық» болды. Бизнесті тұралатпау мақсатында, «Ashyq» жүйесі «көшбасшыларына» талаптарын жеңілдетпек. Яғни 9 тамыздан бастап «Ashyq» лидерлеріне түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– 10 тамызға дейін түсіндірме жұмыстарды нақтылап, жүргізуге байланысты нақты шаралар қабылдау керек. Мына балансты бірге қарастыруымыз керек. Дельта штамы бұрынғыдан қарағанда 60 пайыз тез тарап жатыр.

«Ashyq» жүйесінде тәртіп бұзғандарға қойылатын талап қатаңдатылады. Жүйе енгізілгелі 23 мың адам «қызыл» статусымен қыдырып жүрген. Жауапкершілікті сезінбей, айналасындағы адамдарға қауіп төндіргендер жазаланып қана қоймай, аты жария болады.

Айнұр Қуатқызы